Бұл туралы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті басшысының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков мәлімдеді
Қазақстан коронавирусқа қарсы америкалық вакцина сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Себебі сынақ кезінде медициналық препарат тиімділігін көрсеткен. Бұл туралы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті басшысының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков мәлімдеді. Сондай-ақ, басқа мемлекеттерде жасалған вакциналар да сатып алынбақ. Толығырақ Almaty.tv тілшісінің бейнематериалында.
Коронавирустың алдын алу мақсатында мемлекет вакцинаның мөлшерін 3 миллион 600 мыңға арттыру мәселесін қарастырып жатыр. Осы ретте шетелдік тәжірибе негізінде 90% тиімділік көрсеткен АҚШ вакцинасын сатып алу мәселесі басты назарға алыныпты. Себебі Денсаулық сақтау министрлігі халықтың 15 пайызын, яғни 2 млн 700 мың адамды коронавирусқа қарсы тегін вакцинамен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.
«Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселені шұғыл түрде пысықтайтын болады. Яғни, отандық вакцина мен Ресейдің және басқа да елдердің вакциналарын қамту арқылы кешенді шешімге келмекшіміз. Десе де вакцинаны сынаудың үшінші кезеңі аяқталмады деген ақпарат бар. Бірақ қажет вакцинаны тіркегеннен кейін, біз Pfizer компаниясымен жұмыс істейтін боламыз», – деді ҚР Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті басшысының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков.
Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, медициналық бетперде мен антисептикалық құралдармен халықтың әлеуметтік осал топтары ғана тегін қамтамасыз етіледі. Барлық қазақстандықтар амбулаториялық емдеуде коронавирусқа қарсы тегін дәрілердің бес түріне, атап айтқанда, дене қызуын түсіретін препараттар мен антикоагулянттарға ие бола алады. Қазіргі уақытта, яғни пандемияның екінші толқынына дайындық аясында мемлекет тарапынан дәрі-дәрмек сатып алуға барлығы 20 миллиард теңге қаржы жұмсалып отыр
«Қазіргі уақытта бірыңғай дистрибьютордың 4 хабында 15 миллиард теңге қаржыға дәрілік заттар жинақталды. Хабтар жеткізушілерден тауардың үлкен көлемін алуға және өңірлер үшін 6 айлық қажеттілікке дейінгі көлемде тауарды сақтауға арналып, ұйымдастырылған», – деді «СҚ-ФАРМАЦИЯ» ЖШС басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев.
Осылай, барлық дәрі-дәрмек Қазақстанның барлық өңіріне бірыңғай дистрибьютор жүйесінің әр облысқа қажетті препараттар саны бойынша көрсеткен ақпаратын ескере отырып, бөлінетін болады. Сондай-ақ, қазақстандықтар қатаң карантин жағдайында қажетті дәрі-дәрмектерді еш қиындықсыз алуына да жағдай жасалуда. Алдағы уақытта науқасқа қажетті препараттар тізімі жазылған дәрігердің нұсқаулығы электронды түрде берілуге рұқсат етіледі.
Аяулым Көлжігіт, Мира Әлжанова, Данияр Омар, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтан