Қалыпты өмір салты бұзылды. Экономика әлсіреді, жалпы өңірлік үлес төмендеді
Қалай болғанда да биылғы пандемия әрқайсымызға өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Қалыпты өмір салты бұзылды. Экономика әлсіреді, жалпы өңірлік үлес төмендеді. Осындай сын сағатта халық Президент пен жергілікті әкімдіктің қолдауын күтті. Мемлекет басшысы да дер кезінде әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтап қалу, пандемияны жеңіп шығу және дағдарысқа қарсы шараларды қабылдады. Әріптесім Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын жыл бойына қауіптің алдыңғы шебінде жүрген дәрігерлер, тәртіп сақшылары, атқарушы орган өкілдерінің жұмысына қорытынды жасады.
Коронавирус алдымен Қытайдың құтын қашырды. Кейін індетке еш шекара бөгет бола алмады. Әлемді дүрліктірді. Бізге бірден жеткен жоқ, бірақ бет алысы жаман еді. Соған қарамастан қала әкімдігі алдын ала жоспар жасап, қамданып отырды. Арада екі ай өткенде вирус ең алғаш болып Алматыда 13 наурызда тіркелді. Жұқпа Германиядан Алматыға ұшып келген екі жолаушыдан анықталды. Дәрігерлер оларды бірден оқшаулап, ем-дом шарасын жүргізді.
«Бастапқыда біз мұны сырттай бақылап жүрдік. Теларнадан, ғылыми зерттеулер жүргізіп. Жыл басынан бастап медицина қыметкелері оқытылды. Індет қауіпті жұқпалы болғандықтан, арнайы сминарлар, шеберлік класстар өтті», – деді И. Жекенова атындағы қалалық жұқпалы арулар ауруханасының жоғары санатты терапевт дәрігері Фарида Мұстафаева.
Сол күннен бастап қалада инфекцияны анықтайтын зертханалық орталықтар, стационарлар мен ауруханалардың жұмысы күшейе түсті. Қалада қорғану құралдарының көп мөлшері жинақталған тұрақтандыру қоры құрылды. Клиникалардың материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Одан бөлек, мемлекет әлем елдерінде болып жатқан тәжірибені негізге ала отырып, қалада көпсалалы аурухананың құрылысын бастады. Соның бірі 280 орынға арналған қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы.
Бұл – 18 күнде салынған Изатима Жекенова атындағы көпсалалы модульді аурухана. Бүгінге дейін осы жерден 4 мыңнан астам науқас коронавирустан айығып шықты. Госпиталь сәуір айынан бері тоқтаусыз жұмыс істеді. Қазір бұл көпсалалы госпиталь қосымша резерв ретінде бос тұр. Егер қалада науқастар саны көбейген жағдайда аурухана жұмысын жалғастыратын болады.
«Біз демалғанмен, вирус тәулік бойы демалмайды. Сол себепті тыным таппай қызмет етуге тура келеді», – дейді инфекциянист Абзал Малбасқанов. Ұлт саулығы үшін алдыңғы шепте жүрген жандардың ерен еңбегін тілге тиек етпеске болмайды. Оладың ерлігі бүгінде мемлекет тарапынан лайықты бағаланып жатыр. 9 айдың ішінде жалпы сомасы 14 млрд таңгеден астам жалақысынан бөлек, үстемақы берілді.
«Басында біз симптомсыз түрін емдедік. Одан кейін жеңіл түрін, одан кейін орташа түрін емдеп, сол адамдардың отбасына, бала-шағасына қосылуына тырысып жатырмыз. Құдайға шүкір, барлығы жоспардағыдай шығып жатыр. Ары қарай да осы күресімізді жалғастырамыз», – деді И. Жекенова атындағы қалалық жұқпалы арулар ауруханасы инфекция бөлімінің меңгерушісі Абзал Малбасқанов.
Қалада төтенше жағдай орнағаннан кейін алғашқы блок-бекет 16 наурызда түнгі сағат 00.00-де қойылды. Қалаға кіретін жолдарға 27, ал қала ішіндегі жөнсіз жүрісті азайту үшін 40 бекеттерде тәртіп сақшылары тәулік бойы қызмет етті.
Одан бөлек, дәл осы жерде санитарлық дәрігерлер, əскери қызметкерлер, атқарушы орган өкілдері қалаға кіретін аймақты бақылауға алды. Басты мақсат – карантин режимін қатаң қадағалау арқылы инфекцияның таралуын тоқтату. Облыс аумағынан тек жүк көліктері ғана қалаға кіре алатын. Оның өзі жасыл дәліз арқылы азық-түлік тасушылар. Қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, бекеттен жасырын түрде өтпекші болғандар да кездесіпті. Сәйкесінше, олар жазасыз қалмады. Ал, қазір өздеріңіз көргендей бәрі де штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
«6 мыңнан астам күшейтілген режимге ауысып, оны көбісі 2-3 айлап үйге бармаған кездері болды. Айта кетейік, осы кезеңде қылмыс деңгейі бірден төмендеді. 70 пайыз көлемінде. Жол ахуалы да тұрақтанды. Өйткені басқа қала тұрғындары қала жабылады дегенді естіп, қаладан шығып кетті. Бұл қаладағы қылмыстың көбін келіп-кетушілер жасайды дегеннің тағы бір дәлелі», – деді қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Наурыз айынан бастап тұрғын үй мен аулалар, саябақтар мен орындықтар, жүргіншілер жолы мен автобустарды жаппай залалсыздандыру жұмыстары да қарқын алды. 600 дезинфекторы бар 55 бригада күні-түні жұмыс істеді. Сала мамандарының айтуынша, бүгінге дейін 10 млн 800 мың литр дезинфекциялық сұйықтық шашылған екен.
«Алматыда ең үлкен тұрғын үй қоры қарастырылған. Ол 8625 үйден тұрады, 24 мыңға жуық кіреберіс. 4107 аула. Сонымен қатар, жаз айларында күн жылы кезінде біз көшелерге, саябақтарға, скверлерге дезинфекция жүргіздік. Бұл жұмыта 125 дезинфектор мен 75 арнайы техника жұмылдырылды», – деді қалалық тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Отыншиев.
7 мың санитарлық пакет, мыңнан астам қаладағы егде жастағы адамдарды ыстық тамақпен қамту, 800 дәрігерге алғыс қоржындары мен құны 3 млн теңге болатын антисептиктерді таратып беру. Бұл ауқымды жұмыстардың бәрі де алматылық еріктілердің атқарған еңбегі.
«Пандемия кезінде ерікті болуымның арқасында мен өзімді толыққанды дәрігер ретінде сезіндім. Өйткені алдағы уақытта науқастармен жұмыс істеймін, сол себепті карантин кезінде үлкен тәжірибе жинадым. Өзіме үлкен жауапкершілік артқанын сезінген болатынмын», – деді ерікті Жәнібек Солтанай.
Одан бөлек, карантин шараларын сақтау мақсатында қалада мониторингтік топтардың жұмысы күшейді. Төтенше жағдайдан бері карантин талаптарын сақтамаған кәсіпкерлер тарапынан 738 әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліп, заңды тұлғаларға 44,6 млн, жеке тұлғаларға 24,7 млн теңге айыппұл салынған. Індет әлі де іргемізде. Сондықтан арқаны кеңге салып, еркінсу ерте.
Ұлағат Арғын, Сағынтай Нұрғали, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы