COVID-19-ға қарсы ревакциналау мерзімі қысқармақ

regnum.ru
regnum.ru
Испания мен Литва әлі де иммунитеті әлсіз адамдарға, қарттарға ғана ұсынады
Жаңалықтармен бөлісіңіз


Пандемия 2022 жылдың ортасында тоқтауы мүмкін. Ол үшін әлем халқының 70 пайызы вакцина алуы қажет. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Гебрейесус мәлімдеді. Сондай-ақ ғалымдар «омикрон» штамы коронавирусты жеңуге көмектеседі деген пікір айтуда. Дегенмен жаңа вирустың таралу қарқыны жоғары болғандықтан, бірқатар мемлекеттер ревакциналау уақытын 3 айға қысқартып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.       


Бұған дейін әлем ғалымдары қайта егілу үшін 9 ай, кейін 6 ай өтуі қажет деген еді. Бүгінде көптеген мемлекеттер ревакциналау мерзімін жылдамдатуды ұйғарып отыр. Бұған басты себеп – «омикрон» штамының дендеп кетуі. Өйткені бұл вирус антиденесі бар және екпе алған азаматтарға да жұғатыны дәлелденді. Сондықтан осы айдан бастап, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания және Таиланд бұл аралықты 3 айға, Бельгия 4 айға қысқартты. Ал Франция, Сингапур, Тайвань, Италия және Аустралия 5 ай деп белгілепті. Бірақ АҚШ, Оңтүстік Африка мен Германия әлі де халқына күшейткіш мөлшерлемені 6 ай өткен соң алуға кеңес беруде. Бұл тізімде Қазақстан да бар. Қазір елімізде дәрігерлер, педагогтар мен әскерилерді қоса алғанда ниет білдірген азаматтардың барлығы қайта егіліп жатыр. Соның ішінде 37 685 алматылық та қайта иммундалыпты. Бірақ емханалар мен егу пункттерінде ревакциналау инактивтендірілген «Казвак» және «Синофарм» екпесімен ғана жүзеге асуда. Егер пациент «Спутник V» немесе «Файзерді» алғысы келсе, онда медицина қызметкерлері сол адамды арнайы тізімге енгізеді екен.  

«Спутник V» векторлық вакцинаны алған пациенттер болса, онда оларға ұсынылатын вакцина түрлері – инактивтендірілген «Казвак» пен «Синофарм». Егер пациенттің өзі алғысы келмейтін жағдай болса, онда пациенттің өзінің өтініші бойынша ол сұрақты кейін қарастырсақ болады немесе пациенттің нөмірін алып, бізге қашан жаңа вакциналар түсетін болса, біз пациенттерді сол вакцинамен немесе болашақта басқа да вакциналармен ревакцинация жасай аламыз», – деді Алматы қалалық № 11 емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері Мирас Қадыржанов.

Осы ретте әлемдік сарапшылар «дельта» штамына қарсы егілген вакцинаның тиімділігі тек 4 айға жетеді деп мәлімдеуде. Себебі антидене мөлшері дәл осы уақыт аралығында азайып кетеді екен. Ал кейбір иммунологтар ревакциналау уақытын 6 айдан 3 айға дейін қысқарту ештеңе өзгертпейді деген пікірде. Бірақ «Файзер» компаниясы қазіргі эпидахуалға байланысты керісінше, тіпті 4-ші мәрте вакциналау қажеттілігінің туындап отырғанын алға тартуда. Осылайша, әлемде пандемияны тоқтатудың түрлі амалы жасалып жатқанда, көпшілікті де ревакциналауға қатысты сұрақтар мазалайды.   

Қайта егу кезінде векторлы вакцина алғандар инактивтендірілген, ал инактивтендірілген екпе алғандар векторлы вакцина алғаны дұрыс. Себебі екі түрлі екпе иммунитетті жан-жақты күшейтіп, ағзаның түрлі мутацияға қарсы тұруына көмектеседі.  

Сондықтан екпе алып, вирустан барынша сақ болған дұрыс. Себебі көрші елдерде, Еуропада «омикрон» штамы өршіп тұр. Салдарынан бірқатар мемлекеттер жаңа жылдық мерекені өткізуге тыйым салып, қатаң локдаун жариялауда. Мәселен, Германияда шектеулер 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Қазір онда сауда орталықтары мен дүкендерге тек екпе алған адамдар ғана кіре алады. Сондай-ақ бұл мемлекетке жаңа штамм дендеп кеткен Ұлыбритания азаматтарының кіруіне де рұқсат етілмейді. Ал жергілікті тұрғындар мұндай шешімді дұрыс деп қолдап отыр.  

Осындай шектеу шараларын енгізген дұрыс. Өйткені жастар қоғамдық орындарға барып, той тойлауын доғарар емес. Соның салдарынан сырқаттанғандар қатары күрт көбейіп жатыр. Егер барлығы карантин талаптарын орындап, ережені бұзбаса, мұндай жағдай болмас еді.

Ал елімізде коронавирус жұқтырғандар қатары азайды. Соңғы тәулікте 369 адам сырқаттаныпты. Бірақ науқастар арасында қайтыс болғандар саны азаймай тұр. Соңғы мәлімет бойынша 18 отандасымыз вирустан көз жұмған. Сондай-ақ эпидахуал да жақсарып келеді. Қазір «сары» аймақта екі облыс қана тұр. Ал кеше ғана бұл тізімде болған Ақмола облысы бүгін «жасыл» аймаққа өтті. Одан бөлек елімізде ковидке шалдығып, ауруханаға жатқызылған науқастарды қашықтан бақылауға мүмкіндік беретін қосымша іске қосылды. Енді туыстары «Дамумед» бағдарламасы арқылы ем қабылдап жатқан немесе жансақтау бөліміне түскен жақындарының халін онлайн білуіне болады.  

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров