Бүгін Қорғаныс министрлігінде өткен селекторлық аппараттық кеңесте талқыланды
Нұр-Сұлтан және Алматы әкімдіктерінен әскери қызметшілер үшін 10 мыңнан астам коронавирусқа эксперсс-тест бөлінген. Ал, жеке құрам арасында індетті жұқтыруға жол берген Тараз гарнизоны әскери бөлімінің командирі мен медициналық қызмет бастығы жауапкершілікке тартылады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Осы және өзге де мәселелер бүгін Қорғаныс министрлігінде өткен селекторлық аппараттық кеңесте талқыланды.
«Әскерилер арасында вирусты жұқтырғандар ең көп аймақ Тараз қаласы. Медициналық қызмет бастығын және бөлім командирін жауапқа тарту туралы ұсынысты күтемін. Олар өз ісіне немқұрайлық танытқан. Ол жақта тіркелген дерек біздің Қорғаныс Күштерінде жоқ. Қауіпті нысандарда міндетін өтеп жүрген әскерилердің денсаулығын қорғауға басымдық беру керек», – деді ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан ЕРМЕКБАЕВ.
Бұдан бөлек, әскерлерге жақын арада және мереке күндері орындалуы тиіс басты міндеттер белгіленді. Онлайн жиналыс барысында азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жайы да қозғалды. Бұл науқан ағымдағы жылдың 31 тамызына дейін өтеді, ал мерзімді қызметін өткерген әскери қызметшілерді босату 30 маусымға дейін жоспарланып отыр. Айта кетейік, карантин режимі енгізілгеннен бері әскерилер тәртіп пен тыныштықты қамтамасыз етуге жұмылдырылған болатын. Мәселен, қазір олар коронавирус инфекциясының таралуына қарсы іс-шаралар шеңберінде арнайы өңдеудің жиынтық отрядтарымен 22 елдімекенде дезинфекция жұмысын жүргізіп жатыр. Жалпы көлемі 44 млн. шаршы метрден астам нысандар мен жолдар өңделген.