Карантин режимін бұзушылар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады
Өткен демалыс күндері елорда полициясы карантин режимін бұзудың 54 фактісін анықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Елорда тұрғындары карантин режимінің шектеу шараларын елемей, қолданыстағы тыйымдарға қарамастан көңіл көтеру орындарында сауық кештерін өткізуде. Сол арқылы қала тұрғындарына қауіп төндіріп отыр. Полиция қызметкерлері мониторинг топтың құрамында шектеу шараларын бұзушыларды анықтауға арналған рейдтік шаралар өткізіп жатыр. Мәселен, қолданыстағы қаулыда коронавирус инфекциясы таралуының алдын алуға бағытталған бірқатар шара болғандығына қарамастан «Adagio» лаундж-барында 60-тан астам келуші болған. Клиенттер үстелдерде әлеуметтік арақашықтықты сақтамай отырған», – делінген Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті таратқан ақпаратта.
Сондай-ақ «Бақша» мейрамханасында да 30-дан астам адам көңіл көтерген. Мейрамхана белгіленген жұмыс кестесін және санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды бұзған. Аталған көңіл көтеру орындарына қатысты материал жиналып, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау басқармасына оларды әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін жіберілді.
Жалпы, демалыс күндері мобильді топ 546 кәсіпкерлік субъектісін тексеріп, карантин режимін бұзудың 54 фактісін анықтады.
«Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті мекеме иелері мен келушілер тарапынан орын алып отырған немқұрайлылық инфекцияның таралуына алып келетіндігін ескертеді. Карантин режимін бұзушылар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады», – деп ескертеді ведомстводан.