Франция мен Ресейде де эпидемиологиялық жағдай күрделі
Әлемдегі ахуал. Түркияда коронавирустан көз жұмғандар саны көбейіп кетті. Елде COVID-19 туындаған өлім-жітімнің тәуліктік рекорды жаңартылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Соңғы тәулікте 153 адам қайтыс болды. Мұнда коронавирус пандемиясы екінші шыңына жетті. Пандемия басталғалы бергі уақыттағы бір тәулік ішінде коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайларының ең жоғары көрсеткіші анықталды - ол 6 017 жағдай. Түркия мемлекетінде COVID-19-ды жұқтырғандар саны - 460 мыңнан асты. Ал 12 672 науқас індеттің құрбаны болды.
Эстония Үкіметі аз қамтылған отбасыларға 40 мың бетперде таратуды көздеп отыр. Оларды жеткізуді елдің қаржы министрлігі қолға алмақ. Әрі қарай жергілікті өзін-өзі басқару органдары маскаларды мұқтаж жандарға таратады. Эстония Үкіметі жуырда жаңа шектеу шараларын бекіткен еді. Сол шектеулердегі негізгі талаптардың бірі - қоғамдық орындарда бетперда тағу.
Чехияның премьер-министрі Рождество мерекесі қарсаңында COVID-19 антигеніне тегін тестілеу жүргізуді ұсынды. Ел билігі бұл шараны қарттар үйінде жүргізуді бұған дейін бастап та кеткен. Мамандар бұл тесттерді ПТР-ге қарағанда әлдеқайда жылдам жеткізуге болатынын айтады.
Дүниежүзі бойынша коронавирустан көз жұмғандар саны 1 миллион 400 мыңнан асты. Бұл Джонс Хопкинс Университетінің мәліметі. Қауіпті індетті жұқтырғандар саны бойынша Америка Құрама Штаттары бірінші орында. Мұнда бір тәулікте 157 мыңнан астам адам аурудың ілмегіне іліккен. Одан кейін Үндістан мен Бразилия тұр. Франция мен Ресейде де эпидемиологиялық жағдай күрделі.