Қазір карантиндік аймақтарда блок-бекеттер орнатылды
Солтүстік Қазақстан облысында 12 қазаннан бастап Мамлютка қаласы мен Есіл ауданына қарасты Явленка ауылы карантинге жабылды. Соңғы екі аптада осы елді мекендерде 32 адам коронавирус жұқтырған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазір карантиндік аймақтарда блок-бекеттер орнатылды. Полиция қызметкерлері аймаққа кіріп-шығып жатқан көліктерді бақылап жатыр. Елді-мекеннен шығу үшін арнайы анықтама болуы қажет. Жолаушылар тасымалы мен такси көліктеріне жүруге тыйым салынды. Енгізілген шараларға сәйкес тұрғындарға үйлерінен кешкі оннан, таңғы алтыға дейін қажетсіз шығуға болмайды. 65 жастан асқан қарияларға үйден шықпауға кеңес берілді. Сонымен қатар, Мамлютка қаласының Ресеймен шекарада орналасуына байланысты 100 орынға шақталған карантиндік стационар ашылды. Қазіргі таңда 58 адам тестілеу анықтамасын күтіп жатыр. Осы уақытқа дейін Солтүстік Қазақстанның Булаев қаласы карантинге жабылған болатын. Жалпы өңірде соңғы тәулікте 11 адам коронавирус жұқтырған.
«Өңірлік комиссияның 6 қазандағы шешімі бойынша аудандарда 6 немесе одан да көп коронавирус жұқтырғандар анықталса, шектеу шаралары енгізілуі қажет. Осыған сәйкес ауданда 11 қазанның 00.00 уақытында ауданға көлікпен кіріп-шығуға шектеу шаралары енгізілді. Ал аудандағы дүкендер сағат 09.00-дан 21.00-ге дейін жұмыс жасайды. Кафелер де осылай жұмыс істейді. Бірақ ұжымдық мерекелер өткізуге тыйым салынады. Аудан орталығында үш мектеп. Олардың бастауыш сыныптары штаттық режимде жұмыс істейді. Балалар арасында короновирус жұқтырғандар жоқ», – деді Мамлют ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Зеинат Бекина.