Мониторинг топ Түрксіб пен Медеу ауданындағы бірнеше мейрамхананың жұмысын әшкереледі

03.07.2021 20:42

Мамандар әр келушінің «Ашық» қосымшасымен кірген-кірмегенін бақылап, тексеріс жүргізді

Алматыда карантин талаптарын сақтамайтын кәсіпкерлік нысандар азаймай тұр. Сол үшін қалалық штабтың мамандары күні-түні рейд жүргізіп, Түрксіб пен Медеу ауданында орналасқан бірнеше мейрамхананың жұмысын әшкереледі. Ең қызығы, ұсталған мекемелердің барлығында ашық бағдарламасы болса да санитарлық талаптар сақталмайды. Almaty.tv тілшісі Мерей Қанапиянов жалғастырсын.

Қалалық штабтың мамандары өткен түні Түрксіб ауданына қарасты Сейфуллин даңғылының бойында орналасқан мекеменің үстінен түсті. Мамандар әр келушінің «Ашық» қосымшасымен кірген-кірмегенін бақылап, тексеріс жүргізді.

Бұл мекеме ашық бағдарламасымен жұмыс істесе де, санитарлық талаптар мүлде сақталмаған. Себебі келушілер 50 пайыздан артық. Қазір мамандар анықталған фактілер бойынша тиісті шараларды жүзеге асырып жатыр.

Кейін тексерушілер мекеменің қасындағы тағы бір мейрамхана мен Ақан сері көшесінің бойында орналасқан кәсіпкерлік нысанның жұмысын әшкереледі. Мұнда да арақашықтық сақталмаған.

«Қаланың «қызыл» аймақта болуына байланысты рейд жұмыстары күшейіп жатыр. Қазіргі уақытта ауданда 4 мониторингтік топ жұмыс істейді. Екеуі күндіз, қалған екеуі түнде шығады», – деді Түрксіб аудандық кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің басшысы Рүстем Өсеров.

Көп ұзамай мамандар Әл-Фараби даңғылының бойында орналасқан түнгі бар мен Бөгенбай батыр көшесіндегі мейрамхананы анықтады. Себебі мұнда да әдеттегідей арақашықтық сақталмағаны өз алдына, келушілер карантиндік шектеулерді елемеген. Естеріңізде болса, бұл мекемелер осыған дейін де бірнеше мәрте тәртіп бұзып, көзге түскен еді.  

«Алдағы уақытта Алматы қаласы бойынша рейд жұмыстары жалғаса береді және әр аудан, қала бойынша 8 мониторингтік топ жұмыс істесе, әр аудан бойынша 4 мониторингтік топ бар. Соған сәйкес Алматы қаласының бас санитар дәрігерінің және ҚР бас санитарының қаулыларына құлақ асып жүрген дұрыс деп санаймын», – деді қалалық кәсіпкерлер палатасының өкілі Қуанышбек Жақсыбек.

Осылайша мониторингтік топтар өткен түні көңіл көтеретін орындарда 14 тәртіп бұзушылықты анықтап, хаттама толтырды. Айта кету керек, қоғамдық орындарда ауру жұқтыруы ықтималдығы өте жоғары.

Мерей Қанапиянов, «Алматы» арнасы