Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырған 28 науқастың арасында төрт айлық сәби де бар болып шықты. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова хабарлады.
«2020 жылдың 20 наурызында бір отбасыдан үш адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Олардың екеуі ересек адам, ал біреуі төрт айлық сәби. Олар біздің ауруханада 19 наурыздан бастап жатыр. Отбасы Париж – Минск – Нұр-Сұлтан рейсінен түсіріліп, дереу ауруханаға жеткізілген», - деп атап өтті Сәуле Қисықова.
Атап өтерлігі, отбасы 9-20 наурыз аралығында Францияда, Париж қаласында демалыста болған екен. Ал Қазақстанға оралған сәтте олар дереу ауруханаға жатқызылған.
«Үш науқаспен байланыста болғандарды анықтап жатырмыз. Олар отырған ұшақтың бортында 73 жолаушы болған. Сол борттан осы үш адам ауруханаға жеткізілді. Ұшақ ішінде олардың 7 адаммен жақын байланыста болғаны анықталып отыр. Қалған 63 жолаушы үй карантиніне жатқызылды. Жетіншісін жеткізетін боламыз», - деді басқарма басшысы.
Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында коронавирустық инфекцияның 28 жағдайы тіркеліп отыр. Дәрігерлер олардың жағдайын қанағаттанарлық деп бағалауда. Ешбірінің дене қызуы қайтып көтерілмеген.