Алматыда жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдері №7 клиникалық аурухананы тексерді

16.04.2020 02:17

Басты мақсат – карантин кезіндегі медициналық мекеменің жұмысын бақылау

Алматы ауруханалары коронавируспен күресуге қаншалықты дайын? Көпті алаңдатқан бұл сұраққа жауап іздеген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің өкілдері қаладағы №7 клиникалық ауруханада тексеріс жүргізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Басты мақсат – карантин кезіндегі медициналық мекеменің жұмысын бақылау. Сонымен, қаладағы ең ірі ауруханада қорғаныш құралдары жеткілікті ме және қызметкерлер барлық санитарлық нормаларды ұстанады ма?

Елдегі карантин жағдайына байланысты барлық ауруханалар коронавирусты жұқтырған адамдарды қабылдап, оларды емдеуге дайын болуы қажет. Дегенмен, науқастарды емдеу кезінде ақ халаттыларға да вирус жұғу қауіпі жоғары. Ал, жұқпалы індетпен күресте алдыңғы шепте жүргендер – дәрігерлер. Олардың қауіпсіздігі тиісті деңгейде сактала ма? Осыны анықтау мақсатында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдері мен қоғам белсенділері қаладағы №7 ауруханаға ат басын бұрды.

Аураханада спирттің қоры 2 айға жетеді екен. Ал, қамтамасыз ету  ісі үзілмегендіктен медициналық қауіпсіздік құралдары да алдағы уақытта тапшылық тудырмайтын көрінеді. Жалпы, тексерушілердің сөзінше мұндағы барлық дәрігерлерге толық жағдай жасалған.

«Дайын тұрған 60 мыңдай маскасы бар екен. Одан кейін 1 тонна антисептик құралы тұр. 1 тоннадай спирті бар екен. Осының барлығын біз өз көзімізбен көрдік. Медицина қызметкерлеріне, дәрігерлерге залалсыздандыру бойынша барлық жағдай жасалынған», – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша басқарма басшысы Елнар ИГІЛІКОВ.

Медициналық бетперделер қызметкерлерге күнделікті 3 мәрте  беріліп отырады. Арнайы киімдер мен антисептикалық құралдар да жеткілікті. Мұнда қызмет ететін 1800 медицина қызметкері 2 ауысымда кезекшілік жасайды.

«Қазіргі уақытта біздің дәрігерлеріміз алғашқы медициналық көмек көрсету барысында короновирусты жұқтырған науқастармен қарым-қатынаста болған адамдарды да емдейді. Сондықтан ауруханаға әр түрлі диагнозбен түскен кез келген науқас коронавирусты тасымалдаушы немесе өзінің вирусты жұқтырғанын білмейтін адам болуы мүмкін. Сондықтан бізде барлық сақтық шаралар жасалынған», – деді №7 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Манас РАМАЗАНОВ.

Ауруханадағы құрылымдық бөлімшелер, емхана және әкімшілік блоктар түгелдей дезинфекциялық сұйықтықтармен қамтамасыз етілген. Оларды келушілер де қолдана алады. Сондай-ақ, төтенше жағдай уақытында халықпен тікелей байланысты үзбеу мақсатында, арнайы колл-орталығы да жұмыс істейді.

«Ондағы операторлар халықты мазалаған сұрақтарға үнемі жауап беріп отырады. Қоңырау шалып, медициналық мекеменің қызметі туралы кеңес алғысы келетіндер мен денсаулығы туралы ақпаратты қажет еткендер және короновирус бойынша нұсқаулық сұрағандардың барлығына бұл мамандар жоғары біліктілікпен жауап береді», – деді  «Алматы - адалдық алаңы» жемқорлыққа қарсы жобалық кеңсесінің басшысы Александр БРАТЕНКОВ.

Қажет болған жағдайда мемлекет тарапынан аурухана қоры толықтырылатын болады. Ал, алдағы уақытта қаладағы басқа да медициналық мекемелер осындай жіті бақылаудан өтпек.

Аяулым Көлжігіт, Мейрам Исабеков, «Алматы» арансы