Ақпан айының ортасында елімізде коронавирус індеті өрши түсуі мүмкін. Бұл туралы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетіндегілер мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мамандардың айтуынша, көктем басталмай тұрып індет жұқтырғандар саны тәулігіне 40 мыңға жетуі ықтимал. Естеріңізге сала кетейік, аурудың ең жоғары көрсеткіші қаңтар айының ортасында тіркелді. Соңғы тәулікте елде 11 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырған.
Елордада 2 352 жаңа жағдай тіркелген. Антирейтингте өңірлер арасында Қарағанды облысы көш бастап тұр, өңірде күніне 2000 адам вирус жұқтырған. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, Алматыда 2 126 адам індеттің ілмегіне ілінген. Қазір «сары» аймақта тек Түркістан облысы тұр, қалған өңірлер «қызыл» аймаққа енді. Елімізде өткен тәулікте 9 360 адам COVID-19-дан емделіп, сауығып шықты.
«Біздің жоспарымыз бойынша 1 млн 300 мыңнан аса тұрғын вакцина алуы керек. Бүгінгі күні жалпы вакцина алғандардың саны 1 млн 100 мыңнан асады.Соның арасында 22 қарашадан бастап ревакцинация немесе қайтадан екпе алу қарқыны басталды. Қайта екпе алғандардың саны бүгін 125 мыңнан асып тұр», - деді Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Светлана Сұлтанғазиева.
Ал әлем бойынша соңғы аптада 21 миллионнан астам адам коронавирус жұқтырған. Бұл – пандемия басталғалы бергі ең жоғары көрсеткіш. Францияда антирекорд орнатылды. Бұл елде бір күн бұрын ғана вакцинадан міндетті өту туралы заң енгізілді. Ал Нидерландыда ұзақ үзілістен кейін тамақтану орындары, театрлар мен саябақтар ашылатын болады. Бұл мемлекетте шектеулер біртіндеп жеңілдей бастаған.
«Соңғы аптада ауруханаға жатқызылғандар 15 пайызға өскен. Бірақ олар жансақтау бөлімінде жатқан жоқ. Өзіміз де осылай болатынын болжап едік, себебі соңғы апталарда вирус жұқтырғандар көп болды. Ал шектеулер алынғаннан кейін сырқаттанғандар саны тіпті көбейеді. Наурыз айында індет тіпті өрши түседі деген болжам бар», - деді Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау институтының эпидемиологы Cузан Ван Ден Хоф.