Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Біз біргеміз» қорынан Алматы қаласына 2 млн бетперде әкілінген
Қала бойынша мұқтаж жандарға тегін медициналық маска тарату белсенді жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Біз біргеміз» қорынан Алматы қаласына 2 млн бетперде әкілінген. Нәтижесінде қаладағы 40 мың тұрғын тегін маскамен қамтылмақ. Қайырымдылық шараға қалалық «Нұр Отан» партиясы мен бірге еріктілер де үлес қосты. Мұндай көмек қаладағы бірнеше жағдайы төмен және көпбалалы аналарға дәл қазіргі сәтте үлкен қолдау. Мемлекет қамқорлығын көріп отырған сондай жанның бірі 6 баланың анасы – Әйгерім Жанпейісова. Ол нұротандықтардың ерекше көңіл бөліп, әр кез көмек қолын созып отыратына дән риза.
«Көпбалалы аналарға көптеген көмек көрсетіліп жатыр. Нұр Отан партиясы және басқа да қоғамдық ұйымдар көмек көрсетуде. Олардың бәрі айтып келіп жатқан жоқ. Айтып келгені бар, айтпай келгені бар, солардың бәріне алғысымыз шексіз. Соның ішінде Елбасымызға да өте көп рақметімізді айтамыз. Басымыз аман, еліміз тыныш болсын!» – деді көпбалалы ана Әйгерім ЖАНПЕЙІСОВА.
Еске сала кетейік, ел Президенті соңғы мәлімдемесінде тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлікті тегін алатын азаматтардың қатары көбейетіні туралы айтқан болатын. Атап айтқанда, мұндай көмекті мүгедектер және жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар да алып жатыр.
«Жетісу ауданы бойынша 210 мың бетперде тапсырылды. Оның жартсынан көбін біз қазір аудандағы мұқтаж жандарға үлестіріп үлгердік. Бұдан бөлек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік салынған қораптарды да тараттық. Арнайы тізім бойынша ол қораптар қазір 5 мыңға жуық отбасыға берілді. Мұндай жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз», – деді Жетісу ауданы әкімінің орынбасары Ерлан ДАВОВ.
Қасым-Жомарт Тоқаев жауапты мамандарға тегін азық-түлік пен дезинфекциялық құралдарды сегіз жүз мыңнан астам адамға беру жөнінде тапсырма берген. Қазір қаладағы арнайы санатқа кіретін отбасылар қажетті көмекті кезек-кезегімен алып отыр.