Коронавирус диагнозы қойылған науқастар тегін дәрі-дәрмекті қайдан алады

ашық дереккөзден
ашық дереккөзден
Коронавирус індетінің екінші толқынына Қазақстан Үкіметі сақадай саймыз деп отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Коронавирус диагнозы қойылған науқастар тіркелген емханасынан қызуды төмендететін дәрілер мен антикоагулянттарды тегін ала алады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Үкімет отырысында айтты. Оның сөзінше, COVID-19 емдеу үшін амбулаториялық деңгейдегі дәрі-дәрмек тізімі кеңейтілген. Сонымен қатар, министрлер коронавирустың ықтимал екінші толқынында дәріханаларда тапшылық болмайды деп сендіріп отыр. Індеттің алдын алу мақсатында тағы қандай іс-шаралар атқарылып жатыр. Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек айтып берсін.

Күллі әлем билігін бір мақсатқа жұмылдырған коронавирус індетінің екінші толқынына Қазақстан Үкіметі сақадай саймыз деп отыр. Денсаулық сақтау министрінің баяндауынша, тест тапшылығы болмайды, дәрі-дәрмектен де тарықпаймыз. Қауіпті індеттен қорған болар қажетті құрал-жабдықтар қорымызда бар. Алексей Цой коронавирус диагнозы қойылған науқастар аурудың жеңіл формасы кезінде тіркелген жері бойынша өз емханаларында емдеуші дәрігердің тағайындауымен қызуды төмендететін препараттарды тегін ала алатынын айтты. Бүгінде бұл мақсатта 1,5 млрд теңгеге шамамен 1 млн адамды қамту жоспарланып отыр екен.



«Қазірдің өзінде медициналық ұйымдарға 1,5 млрд теңге сомасында дәрі жеткізілді. Бұл шара инфекциялық және провизорлық орталықтарда науқас санын азайтуға, COVID-19 жеңіл түрлерін амбулаториялық деңгейде емдеуге, халықтың дәрілік заттар алу шығынын төмендетуге, стационарлық емдеу үшін мемлекет шығынын азайтуға мүмкіндік береді. ҚР Үкіметінің қаулысымен «СҚ-Фармация» ЖШС дәрілік заттарды кейін бөлшек сауда желісінде сату үшін көтерме сатып алу құзырына ие болды. 3,1 млрд теңгеге 33 дәрі атауына өтінімд жазылды. Қор 2020 жылдың 30 қазанына дейін құрылады», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Ал, Үкімет басшысы Асқар Мамин биыл міндетті медициналық сақтандыру шеңберінде тегін дәрілік заттардың тізбесі 3 есеге дейін ұлғайтылды дейді. Оның үстіне COVID-19-ға қарсы дәрі-дәрмектің 48% өзімізде өндіріледі екен. Бұдан бөлек, елдегі қорғаныс құралдары мен медициналық маскалар өндірісін тәулігіне 1,5 млн дейін көбейту көзделген.

«Индустрия министрлігі мен отандық фармацевтикалық өндірушілер отандық қорғаныс құралдары мен медициналық маскалар өндірісін тәулігіне 1,5 млн дейін көбейтуді қамтамасыз етсін. Оған қоса, Денсаулық сақтау министрлігіне келесі жылға дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды уақтылы сатып алуды және жеткізуді тапсырамын. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының СҚ-Фармацияның дәрі-дәрмекті сатып алу тиімділігі мен жеделдігін арттыру туралы тапсырмасы нақты орындалуы қажет», – деді ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпараты бойынша бүгінгі күні отандық кәсіпорындар тәулігіне 900 мың маска шығарады. Қоймаларда 18 млн бетперде бар. Осылайша, өкпені жасанды желдетудің стационарлық аппараттарымен, жедел жәрдем автомобильдерімен, рентген аппараттарымен емханалар толық қамтылыпты.  

Асылбек Тойбек

Новости партнеров