Нысанның алғашқы жұмыс күні болғандықтан, мамандар кәсіпкерге түсіндіру жұмыстарын жүргізді
Алматыда карантиндік тәртіпті өрескел бұзған мекемелер анықталды. Қалалық штабтың мамандары Медеу ауданында орналасқан бірнеше кәсіпкерлік нысанда рейд жүргізіп, санитарлық талаптарды сақтамаған мейрамханалардың үстінен түсті. Ең қызығы, олар ашық бағдарламасымен жұмыс істесе де келушілерді шамадан тыс қабылдаған. Толығырақ Almaty.tv тілшісі өрбітеді.
Қалалық штабтың мамандары өткен демалыс күні кәсіпкерлік нысандарда рейд жүргізіп, ә дегеннен-ақ ереже бұзған мекеменің үстінен түсті. Мұнда қатаң түрде тыйым салынған қор-қордың болуы өз алдына, мейрамхана қызметкерлері маска тақпаған. Ал, арақашықтық туралы айтпасақ та болады. Алайда нысанның алғашқы жұмыс күні болғандықтан, мамандар кәсіпкерге түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
«Мониторингтік топтың тарапынан бұл мекемеге анықталған фактілер бойынша ескерту ғана берілді. Бірақ, алдағы уақытта санитарлық талаптарды бұзатын болса, міндетті түрде хаттама толтырылады. Сондықтан да барлық кәсіпкерге айтарым келушілердің денсаулығына жауапкершілікпен қараңыздар», – деді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілі Нариман Ибрагимов.
Көп ұзамай тексеруші топқа блогерлер хабарласып, адам көп шоғырланған тағы бір мекемеге тиісті шара қолдануды сұрады. Онда «Ашық» бағдарламасы болса да, келушілер саны шамадан тыс асып кеткен. Мамандар арақашықтық сақталмағандықтан нысан иесіне хаттама толтырды.
«Қазіргі уақытта біздің ауданда 4 мониторингтік топ жұмыс істеп жатыр. Екеуі күндіз қалған екеуі түнде шығады. Барлық нысан біздің бақылауымызда. Қала тұрғындары мен кәсіпкерлерден өтінерім санитарлық талаптарды сақтаңыздар», – деді Медеу аудандық кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Арсен Шымбергенұлы.
Одан бөлек, тексерушілер Әл Фариби даңғылының бойында орналасқан мекеменің жұмысын әшкереледі. Естеріңізде болса, бұл нысан осыдан бір апта бұрын ғана тәртіп бұзып, көзге түскен еді. Алайда одан сабақ алмағанға ұқсайды.
Көріп тұрғаныңыздай, бұл мекемеде арақашықтық мүлде сақталмаған. Бас санитардың қаулысы бойынша үстелдердің арасы 2 метр алшақ орналасу керек. Алайда мұнда оның бірі де байқалмайды. Сондықтан да мамандар қазір тиісті шараларды жүргізіп жатыр.
Медеу аудандық мониторингілеу топтары соңғы бір аптада 300-ден астам мекемеде тексеріс жүргізіп, 9 заңды тұлғаға хаттама толтырған.
Мерей Қанапиянов, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы