Қызылорда облысында провизорлық стационар жұмысын тоқтатты

25.08.2020 20:51

Аурухана халыққа қалыпты жағдайда қызмет көрсететін болады

Фото: ашық дереккөзден

Қызылорда облысы Жалағаш ауданында провизорлық стационар жабылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Ауданға қарасты қарасты Мәдениет ауылдық округіндегі ауруханада соңғы науқас емделіп шықты. Бұдан кейін провизорлық стационар жабылды. Қатерлі індет дендеп тұрған тұста ауруханадан провизорлық және КВИ стационар ашылған болатын. Онда 20 адамға арналған орын 105-ке жеткізілді.

«Соңғы уақытта стационарға коронавирус және пневмониямен науқас түскен жоқ. Емдеу орнындағы сол диагноз бойынша жатқызылған соңғы 2 науқас үйіне шығарылды. Нәтижесінде провизорлық стационар жабылды. Енді бұл жерге дезинфекция жұмысы жүргізіледі. Аурухана халыққа қалыпты жағдайда қызмет көрсететін болады», – деді аурухананың провизор бөлімінің меңгерушісі Әзизбек Жәмкеев.

Дәрігерлер провизорлық стационарда ем алып, үйіне асыққан соңғы 2 науқасқа құрмет көрсетті. Емделіп шыққан азаматтар алдыңғы шепте жүрген дәрігерлерге ризашылығын білдірді.