Елімізде тараған нигериялық «ЕТА» штамы – қауіпті. Себебі, оның құрамында екі немесе одан да көп генетикалық өзгерістер бар. Одан бөлек, таралу қарқыны да жоғары. Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин жаңа вирустың сипаттамасына тоқталып, COVID-19-дың өзге нұсқаларынан ерекшелігін атап берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әлемде пандемия басталғалы коронавирус инфекциясы талай мутацияға ұшыраған. Соның ішінде «ЕТА» штамы алғаш рет 2020 жылы желтоқсан айында Нигерия мен Ұлыбританияда пайда болған еді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, қазір әлемнің 77 елінде тіркеліпті. Осы ретте, қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин «ЕТА» үлгісі COVID-19-дың «Альфа», «Бетта», «Зета» штамдарынан айтарлықтай ерекшеленбейді деді. Алайда, оның ақуызында екі түрлі мутация бар.
«Жалпы алсақ, қазіргі аурушаңдықтың 0,1 пайызын құрайды. Бұл вирус, мысалы, ДДСҰ классификациясында «B.B1. 525» деп белгіленіп тұр. Ал басқа аурушаңдықты алсақ, «Альфа», «Бетта», «Зета» патогенді вирустарымен ұқсастығы бар. Бұл вирустың белгілері: жоғары дене қызуы және жөтел, иіс сезбеу болады. Тағы қайталап айтамын, бұл вирус - диагностикалау және емдеу тиімділігін төмендетеді. Сондықтан ол қауіпті», – деді қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин.
«ЕТА» штамы Қазақстанның Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар мен Нұр-Сұлтан қалаларында табылған. Бірақ Алматыда тіркелмеген. Осы ретте, Жандарбек Бекшин бұл вирустың алдын алу үшін қала халқын белсенді түрде екпе алуға шақырды. Одан бөлек, бас санитар дәрігер қалада әлі де «Дельта» штамы таралып жатқанын алға тартты.
«Кейінгі біздің зерттеуіміздің нәтижиесі бойынша, біздегі «Дельта» штамы 88 пайызды құрайды. Бірақ симптоматикалық жағдайлар көбейіп бара жатыр. Біздің соңғы жасаған талдауымыз бойынша аурулардың 95 пайызы симптоммен өтіп жатыр. «Альфа», «Бетта», «Зета» вирустары алаңдаушылық тудыратын вирустардың бөлігіне кірді», – деді Жандарбек Бекшин.
Бүгінде Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус штамдарының айналымын анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр. Мамандардың жүргізген зерттеуінің нәтижесінде, еліміз бойынша вирустың 96 үлгісі белгіленіпті. Оның ішінде «Дельта», «Альфа», британдық, «Ухань» мен «Нигерия» штамдары бар. Соның ішінде, үнділік штамның үлесі 59,4 пайыз болса, «ЕТА» штаммы 5,2 пайызға жеткен. Бұлар ең көп таралған әрі бақылауды қажет ететін нұсқалар болып есептеледі.
Аяулым Көлжігіт, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы