Covid-19 инфекциясымен күрес басталғалы бері Алматыда 239 бала коронавирустан емделіп шықты
Алматыда 239 бала коронавирустан айыққан. Бұл туралы бүгін онлайн брифингте Алматы қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Ержан Сералин айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Covid-19 инфекциясымен күрес басталғалы бері Алматыда 239 бала коронавирустан емделіп шықты. Балалар арасында өкпе қабынуы болды. Дегенмен көбі жеңіл немесе орташа ауыр түрімен ауырды. Балалардың барлығы дін аман. Қазір 9 бала ем қабылдап жатыр. Қал-жағдайы бірқалыпты», – дейді Ержан Сералин.
Оның айтуынша, кеше ауруханадан туғанына 10 күн болған нәресте шығарылды.
«Кеше 10 күндік баланы шығардық. Бірнеше күнге созылған ем-домнан кейін анасы екеуінің ПТР-тестілеуі таза болғандықтан ауруханадан шығардық», – деді ол.
Айта кету керек, Қазақстан бойынша коронавирус жұқтырғандардың саны 73 468 адамға жетті. Алматыда 9 394 адам індетке шалдыққан. Оның ішінде қалада 73 адам қайтыс болды.