Инфекциялық аурумен тіркелген науқастарға арналған төсек орнының саны артты

17.02.2021 20:54

Алматыда коронавируспен күреске 108,4 млрд теңге бөлінген еді

opc2-uko.kz

Осыдан бір жыл бұрын елімізде коронавирус індетіне байланысты төтенше жағдай жарияланып, қатаң карантин енгізілді. Алматыда коронавируспен күреске 108,4 млрд теңге бөлінген еді. Бұл қаражатқа жаңа ауруханалар салынып, дәрі-дәрмек пен азық-түлік қорлары құрылды. Жыл басында инфекциялық аурумен тіркелген науқастарға арналған 400 төсек орны болған болса, қазір оның саны 7011-ге дейін өсті, деп хабарлайды Almaty.tv

Әйтсе де бар күш медицина қызметкерлеріне түскен еді.  

«Дәрігерлер де әлеуметтің бөлігі болғандықтан, бәріміз бір депрессияға түсіп кеткендей болдық. Әрі қара өмір қалай болады, науқастарымызды қалай емдейміз деп уайымдадық. Ал сәуір айында тек қана жедел науқастарды қабылдай бастадық», – деді қалалық орталық клиникалық ауруханасының нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Мыңжылқы Бердіқожаев.

Халықты дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамту үшін Тұрақтандыру қоры құрылып, оған қала қазынасынан 10 млрд теңге бөлінді. Екі жарым мыңнан астам медициналық қызметкерлерден тұратын кадрлық резерв жасақталып, дәрігерлердің жалақысы 30 пайызға артты. 50 мыңнан астам медицина қызметкеріне өтемақы төленді. Ал білім саласы толық онлайн форматқа көшіріліп, бұл цифрландыру жүйесін жетілдірді. Бұдан бөлек қала экономикасының драйвері саналатын бизнес саласы да ауыр соққыға тап  болғаны белгілі.

«Үкімет қаулысымен бизнесте зардап шеккен 22 сала анықталды. Осыған орай кәсіпкерлерді қолдау үшін бірқатар шаралар қабылданды. Яғни жер мен мүлікке төленетін салықтан босату, төмен пайызбен несиелеу, мемлекет меншігін жалдайтын кәсіпкерлер жалға алу құнын төлеуден босатылды», – деді «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Салтанат Лесбаева.

Елдегі ахуалға бей-жай қарамайтын кәсіпкерлер өз тарапынан халықтың жанында болуға тырысты. Тіпті, сын сағатты ерікті болып елге игі іс жасаған жандар да табылып жатты. Бұл тұрғыда әсіресе еріктілердің еңбегі зор. Шаһарымызда жедел түрде еріктілер штабы құрылып,оның құрамына 20-дан астам волонтерлық ұйым кірді.

«Кәсіпкерлермен бірлесе отырып әкімшіліктің қолдауымен мұқтаж адамдардың бәріне азық-түлік себеттерін сараптап, дайындап таратумен айналыстық. Одан бөлек, бізде карантин кезінде басқа елде қалып қойған азаматтарымыз болды. Олар шұғыл рейспен елге келген кезде медик волонтерларымыз оларды күтіп алып, тексеріп, тікелей жұмыс істеген еді», – деді қалалық волонтерлық штабтың жетекшісі Бағдат Анарбаева.

Карантин кезінде ешкім де назардан тыс қалмады. «Bizbirgemiz» акциясы аясында 60 мыңнан астам отбасы 50 мың теңгеден қаржылай көмек алды. 232 мыңнан астам аз қамтылған азамат, көпбалалы ана, мүмкіндігі шектеулі жанға материалдық көмек пен сервистік қолдау көрсетілді. Бүгінде індеттің қайта өршіп кетпеуі үшін карантин талаптарының сақталуын қадағалайтын шаралар жасалуда. 32 мониторингтік топ құрылған. Ал қала өмірін тұрақтандыруда вакцинаның рөлі арта түсті. Ақпаннан бастап екпе салу жұмыстары қолға алынды. Қазір «Спутник-V» екпесін бірінші кезекте дәрігерлер алып үлгерді.

Қанша қиын болғанымен пандемия барды бағалауды, әрбір сәтті елеп-екшеуді үйретті. Кейбір тұралап қалған салалардың жандануына әсер етті. Сондай-ақ қашықтан іс тындырып, вирустан қорғануға дағдыландық. Әйтсе де қауіп әлі толық сейілген жоқ. сондықтан санитария талаптарын сақтау қашан да маңызды.

Назкен Еркін, Ескендір Тоғыспаев, «Алматы» арнасы