Антибиотиктер жұқпалы аурулардың көбіне төтеп бере алмай жатыр. Тек өткен жылдың өзінде әлем бойынша микробқа қарсы төзімділіктің 3 миллионнан астам жағдайы тіркеліпті. Оның бәрін зерттеулер дәлелдеген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жаһандық мәселе Қазақстанды да алаңдатып отыр дейді еліміздің жетекші дәрігерлері мен фармакологтары. Халық антибиотикті әсіресе, пандемия кезінде көп пайдаланған екен. Оның коронавирусқа қарсы тұра алмайтынын біле тұра, қолдануын тоқтатпаған. Бұл жайт жағдайды ушықтырып жіберген. Сондықтан да мамандар антибиотиктердің дәріханалардан тек дәрігердің нұсқаулығымен сатылуына баса назар аудару қажет дейді.
«Халыққа антиобиотиктерді өз бетінше қолдануға болмайды. Науқас өз жағдайын білу үшін әуелі дәрігерлерге жүгінуі керек. Фармацевтер препараттарды тек дәрігердің нұсқаулығымен беру керек. Ковид деген вирус қой. Оған антибиотиктер әсер ете алмайды. Сондықтан денсаулығымызға жауапкершілікпен қарайық», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас фармакологы Лариса Макалкина.