Алматы қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қарлығаш Әбдіжаббарова Өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн-брифингінде шектеулерлің ішінара алынып тасталғаны туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қарлығаш Әбдіжаббарова «Ashyq» жобасы аясында 6-16 қаңтар аралығында қалада «қызыл» мәртебесі бар 270 және «сары» мәртебесі бар төрт тұлға анықталғанын атап өтті.
«2021 жылдың 9 сәуірінен бастап қазіргі уақытқа дейін 11 369 тұрғынның «қызыл», 1 360 тұрғынның «сары» мәртебесі расталды», - деп хабарлады Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері.
Ол осы жылдың 22 қаңтарында Алматы қаласы бойынша Республиканың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің №2 Қаулысына қол қойылғанын, онда келесі өзгерістер енгізілгенін еске салды: концерт залдарының, театрлардың, цирктердің, филармониялардың қызметіне, конференциялар, семинарлар, көрмелер, форумдар, түнгі клубтар, караоке, ұжымдық діни жораларды өткізуге тыйым салынды, сондай-ақ қоғамдық тамақтану орындарына келушілер санын 4 адамға дейін қысқарту және кинотеатрлардың толымдылығын 30%-ға дейін қысқарту туралы талап алынып тасталды.
«Бұл нысандардың барлығы «Ashyq» аясында «қызыл» аймақтың қолданыстағы критерийлері бойынша жұмыс істейтін болады. Мысалы, концерттер, театрлар, кинотеатрлар, қоғамдық тамақтану, түнгі клубтар, караоке – 50%-ға дейін 50 адамнан артық емес, көрмелер 70%-ға дейін 200 адамнан артық емес», – деп түсіндірді Қарлығаш Әбдіжаббарова.
Спикер 24 қаңтардан бастап балабақшалардың ата-аналардың өтініші бойынша штаттық форматта, жалпы білім беретін мектептерге – 600 балаға дейінгі контингенті бар 1-ден 4-сыныпқа дейін штаттық форматта, ал 600-ден астам оқушысы бар мектептерге – қуаттың 50%-ға штаттық форматта жұмыс істеуге рұқсат етілгенін хабарлады.
«Сондай-ақ мектептен тыс және білім беру орталықтарының штаттық форматтағы, ЖОО мен колледждердің аралас форматтағы жұмысына рұқсат етілді. Вакцинацияланған оқушыларға мектеп әкімшілігінің қалауы бойынша оффлайн режимде рұқсат етіледі», – деп нақтылады спикер.