ДСМ: Елімізде КВИ-дің «үндістандық» штаммы айналымда болуы мүмкін

21.06.2021 21:07

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2021 жылғы 20 маусымдағы мәліметтері бойынша SARS-CoV-2 «Дельта штамм» әлемнің 174 елінде анықталған

Фото: РБК

Денсаулық сақтау министрлігі айналымда «үндістандық» штамның болу ықтималдылығын анықтады. Бұл туралы COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Baq.kz-ге сілтеме жасап.

Нұр-Сұлтан қаласында коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылық деңгейінің күрт өсуіне байланысты Денсаулық сақтау министрлігі КВИ жұқтырған науқастардан алынған оң зертханалық үлгілердің ПТР скринингін өткізді.

«Скрининг нәтижелері бойынша «Дельта» штамына («үндістандық» штамм) тән мутацияға күдікті жағдай анықталды. Мутацияның болуын және оның «Дельта» штамына жататындығын түпкілікті растау ДНҚ үлгілерін толық геномдық секвенирлеу аяқталғаннан кейін белгілі болады. «Дельта» коронавирус штамы аса контагиозды және анықталған штамдарға қарағанда жұқпалылығы 60%-ке жоғары, қазіргі айналымдағы штамдар 1 адамнан орта есеппен 3-4 адамға таралатын болса, бұл штамм 5-6 адамға бірден жұғады және 7 күнге созылатын қысқа инкубациялық кезеңмен сипатталады», ‒ делінген министрлік хабарламасында.

Сонымен қатар індетті жұқтырғандар буындар мен іштің қатты ауырсынуын сезінеді, жүрек айнып, лоқсиды, ауру салдарынан адам саңырау болып қалуы әбден мүмкін және аяқтардың микротромбозына әкеледі.  

Соңғы зерттеулер көрсеткендей, коронавирустың «үндістандық» штамы ауруханаға жатқызу мен өлім-жітімнің жоғары ықтималдығымен байланысты.

«Осыған орай Денсаулық сақтау министрлігі әрбір қазақстандықты өз денсаулығы мен жақындарының өміріне аса сақтықпен, жауапкершілікпен қарауды сұрайды. Инфекциядан қорғану мен ауруханаға жатудан аман қалудың бірден бір жолы COVID-19 вирусына қарсы вакцинаның толық курсын алу. КВИ-ге қарсы екпе алуға қарсы көрсетілімдері жоқ әрбір азаматқа қысқа мерзімде вакциналануға кеңес береміз. Сондай-ақ вирус таралуының алдын алу мақсатында барлық профилактикалық шараларды қатаң орындау қажет: маска тағу, әлеуметік ара қашықтықты сақтау, қол гигиенасы, үй-жайларды желдету, т.б.», ‒ делінген хабарламада.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2021 жылғы 20 маусымдағы мәліметтері бойынша SARS-CoV-2  «Дельта штамм» әлемнің 174 елінде анықталған.