Бұл туралы Болат Төкежанов айтып берді
Наурыз-маусым айларында Қазақстан ауруханаларында коронавирус пен пневмониядан 150 мың адам емделді. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасы Болат Төкежанов айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Наурыз-маусым айларында еліміздің стационарларында 150 мың адам коронавирус пен пневмониядан емделді. Наурыз айына қарағанда, маусымда бір күндік төсек-орындармен науқастардың қамтылуы – 8 есеге, жұқпалы аурулар ауруханасындағы төсек-орынның қамтылуы – 23 есеге өскенін атап өткен жөн. Сондай-ақ, провизорлық стационарларда бір күндік төсек-орын саны наурыз айында 21 мың болса, қазір 100 мыңнан асты», – деді спикер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифингте.
Аталған қор қазақстандықтарға медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту үшін шілде айында медициналық ұйымдарға арналған тарифтерді арттырған.
«Енді провизорлық стационарда әрбір төсек-орын күні үшін – 22 мың теңгеден астам, тәулік бойғы стационарларда болғаны үшін – 32 мың теңгеден астам, науқасты анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде емдеудегі төсек-орын күні үшін – 70 мың теңгеден астам қаражат қор тарапынан өтеледі. Аталған қызметтерге тарифті көтеру қор жеткізушілерінің санын көбейтуге, жеке ауруханаларды белсенді тартуға және коронавирустық пневмониясы бар науқастарды емдеуге мүмкіндік береді», – деді қор басшысы.
Бұған дейін Болат Төкежанов коронавирусқа қарсы күрес шараларына 56,7 млрд теңге бөлінгенін айтты. Сонымен бірге, коронавирустық инфекцияның жеңіл деңгейіндегі бір науқасқа – 292 600 теңге, орташа деңгейдегі науқасқа – 446 100 теңге, ауыр науқасты емдеуге – 1,5 млн теңге тариф бекітілген.