Швецияда кешеден бастап шектеу шаралары қатаңдатылды
Әлем елдері коронавируспен күресте тың тәсіл қолданып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мәселен, Ресей астанасы Мәскеуде лифттерде автоматты түрде дезинфекция жасалады. Яғни, жедел сатының ішіне сұйықтық шашылмайды. Ультракүлгін сәулелер белгілі бір уақытта жағылып тұрады. Бастамашылардың сөзінше, бұл ондағы инфекцияны өлтіруге қауқарлы. Ал лифтте адам болса жаңағы сәуле шашылмайды. Осылайша, көрші мемлекет вирусты жоюдың жаңа әдісін тауыпты. Испания билігі қауіптілігі жоғары елден ПТР анықтамасыз келген азаматтарға айыппұл сала бастады. Аталған елге оралған адамдарда ауырмайтыны туралы қағаз болмаса, 6 мың еуро төлеуге міндеттеледі. Сондықтан саяхаттаушы жауапкершілікті өз мойнына алып, коронавирусқа тест тапсыру керек дейді Испанияның сыртқы істер министрлігі.
Ал, Швецияда кешеден бастап шектеу шаралары қатаңдатылды. Концерт, спектакль және спорттық шаралардың ұйымдастырылуына рұқсат етілмейді. Бірақ мектеп пен кеңселердің жұмысы жалғаса бермек. Аталған елдің билігі қоғамдық тәртіп туралы заңға өзгеріс те енгізген екен. Заң бойынша карантин талаптарын бұзған адам 6 айға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Жаңа заң 24 қарашадан бастап күшіне енеді. Айта кетейік, осы күні әлемде 55 миллионнан астам азамат коронавирус жұқтырған. 1,5 миллионға жуығы дерттің құрбаны болды. 38 жарым миллионға тарта адам құлан таза айыққан екен. Ал, вирус жұқтырғандар саны бойынша АҚШ, Үндістан және Бразилия көш басында тұр.