БҚО-да карантин талабын бұзғандарға айыппұл салынды

inform.kz
inform.kz
63 әкімшілік хаттама толтырылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Батыс Қазақстан облысында қараша айы басталғаннан бері мониторингтік топтар 41 нысанда шектеу шаралары бұзылғанын анықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, 12 күн ішінде ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 425-бабы 1-бөлігіне сәйкес 63 әкімшілік хаттама толтырылды. 

Соның ішінде 35-і отбасылық той-думан, садақа жасағандарға, 24-і жеке қорғаныш құралдарын қолданбаған тұрғындарға қатысты болды. 

Осы бұзушылықтар бойынша 21 млн астам теңге айыппұл салынды. 

Н.Мұстаевтың сөзіне қарағанда, облыста коронавирусқа байланысты эпидемиологиялық ахуал күрделеніп барады. Апта сайын індеттің орта есеппен 59 пайызға өсуі байқалады. 

1-12 қараша аралығында барлығы 358 адам коронавирус жұқтырса, соның 252-сі немесе 70,3 пайызы Орал қаласының үлесіне тиеді. Сондай-ақ Бәйтерек ауданында – 41, Бөрліде – 25, Теректі мен Шыңғырлауда – 10-нан, Жаңақалада – 5, Жәнібекте – 4, Қаратөбе, Сырым, Қазталовта – 3-тен, Бөкей ордасы мен Ақжайықта бір-бірден адамның індетпен ауырғаны тіркелді. 

Қараша айында мемлекеттік шекарадан 8559 адам өтсе, соның 1688-і – жолаушылар. Анықтамасыз өткен 159 жолаушының төртеуінен коронавирус табылды. Сол секілді халықаралық жүк тасымалдайтын 2962 жүргізуші өтсе, соның 1577-сінде анықтама жоқ болып шықты. Соның ішінде 14 жүргізушінің індет жұқтырғаны белгілі болды. 

«Осы айда облыс бойынша 15747 адам (індет басталғаннан бері – 179464) зертханалық тексеруден өтті. Күні бүгін өңір ПТР диагностикасы үшін 32646 зерттеуге арналған 652 тест жүйесімен қамтамасыз етілген»,–  деді Нұрлыбек Мұстаев.

Новости партнеров