Қазақстанда карантин шаралары күшейтіле ме

Almaty.tv
Almaty.tv
Әлемді дүрліктірген «омикрон» штамы 40-қа жуық мемлекетте анықталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Әлемді дүрліктірген «омикрон» штамы 40-қа жуық мемлекетте анықталды. Бүкіл Еуропаны жайлаған вирустың таралу жылдамдығы соншалық, екі аптаның ішінде Американың 11 штатына тарап үлгеріпті. Сондай-ақ кеше ғана көрші Ресейде 2 науқастың мутацияланған штамды жұқтырғаны анықталды. Коронавирустың осылай дендеп кетуіне байланысты бірқатар мемлекет Жаңа жыл мерекесі қарсаңында шектеу шараларын енгізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Елімізде секвенирлеу жұмысының нәтижесінде ковидті жұқтырған немесе шет мемлекеттерден келген адамдардан «омикрон» штамы анықталса, онда шектеу шаралары күшейтіледі. Қазір карантинді қатаңдату бойынша мәселелер қарастырылып жатыр екен. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой «Тенгриньюс» ақпараттық порталына берген сұхбатында мәлімдеді. Бірақ нақты шешім сараптама қорытындысы шыққан соң ғана қабылданады. Ал отандық мамандар жаңа штамм елге тарап үлгеруі мүмкін дейді. Себебі кеше ғана көрші Ресейде 2 науқастан осы вирус анықталды. Бұған ресейлік дәрігерлер қатты алаңдаулы. Өйткені індет жылдам тарайды. Бұл өз кезегінде науқастар санының күрт өсіп кетуіне ықпал етеді.  

«Вирустың аз мөлшері бірнеше адамға тез жұғады. Егер «омикрон» штамы дельтаға ұқсас болса, онда бұл өте қауіпті комбинация. Әсіресе, әлі күнге дейін ковидті жұқтырмаған немесе вакцина алмаған адамдар үшін қиын болуы мүмкін», – деді Мәскеу физика-техникалық институтының гендік инженерия зертханасының меңгерушісі Павел Волчков.

Қазір «Омикрон» штамы Еуропа мемлекеттерінің бәрінде тарап үлгергенімен, науқастар жеңіл формада сырқаттаныпты. Бірде-бір өлім жағдайы тіркелмеді. Одан бөлек, «дельта» штамы да өршіп, коронавирус бойынша жағдай ушыға бастаған. Сондықтан жаңажылдық мерекелерді шектеуге мәжбүр болып отыр. Мәселен, Францияда қаңтардың басына дейін түнгі клубтар жұмысын тоқтатып, кеңсе қызметкерлері қашықтан жұмыс істейтін болады. Ал Чехияда міндетті вакциналау туралы шешім қабылданды. Алайда Ұлыбритания билігі «омикронның» 340-қа жуық адамнан анықталуына қарамастан, ешқандай шектеу шарасын енгізбейтінін алға тартуда.

«Ұлыбританияда «омикрон» штамының расталған 336 жағдайы тіркеліп отыр. Бірақ көбінде симптомдар байқалмаған. Ал кейбіреулері науқастанғанымен, ауруханаға жату қажеттілігі туындамады», – деді Ұлыбританияның денсаулық сақтау министрі Саджид Джавид.

Дегенмен вирусологтар «омикрон» штамы тірі вакцина болуы мүмкін дейді. Себебі оңтүстікафрикалық вирустың құрамында мутация көп. Ал бұл штаммен ауырып, жазылған адамда күшті антидене пайда болады. Өз кезегінде қалыптасқан иммунитет коронавирустың өзге түрлеріне төтеп бере алады екен.

«Кем дегенде, жаңа мутацияның вирусына 3 антидене шабуыл жасауы керек. Ал осы жолы қарағанда тек қана біреуі байқалды. Сондықтан дүни жүзінің көңіл аударғаны – егер бір ғана антидене шабуыл жасайтын болса, ол қарқынмен дамып кететін болса, осы күнге дейін жасаған екпелер көмектеспесе, не болады дейді. Егер бүкіл халықтың 60-70 пайызы осы «омикронмен» жеңіл түрде ауырып шығатын болса, антидене пайда болып, біз аурудан құтылатын едік», – дейді Еуропадағы қазақ дәрігерлер қауымдастығының жетекшісі (Швейцария) Серік Тұрсын. 

Ал елімізде эпидахуал айтарлықтай жақсарды. Кеше ғана науқастар саны 600-ден асып түссе, бүгін 545 адам сырқаттаныпты. Мұны отандық дәрігерлер екпенің жетістігі дейді. Себебі қазір елімізде 8 млн 200 мыңнан аса халық толық иммундалды. Егер осы қарқынмен жалғаса берсе, пандемиядан тезірек құтылармыз деген үміт бар.

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы    

Новости партнеров