Коронавирус: СҚО-да тағы 4 елдімекен карантинге жабылды

Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден
Жалпы СҚО-да КВИ-мен ауырған 7014 адам тіркелді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Солтүстік Қазақстан облысында коронавирус инфекциясына байланысты карантинге жабылған елдімекендер саны 11-ге жетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

СҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде бес ауданның 11 елді мекені коронавирус инфекциясын жұқтырғандар санының өсуіне байланысты карантинге жабылған. Олар: Петропавл қаласы, Есіл ауданындағы Николаевка, Петровка елді мекендері, Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылы, М.Жұмабаев ауданының орталығы Булаев қаласы, Тайынша ауданының орталығы Тайынша қаласы, Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөл ауылы. 

3 желтоқсаннан бастап жүріп-тұру шектелген елді мекендердің қатарына Есіл ауданының Ясновка, ал 4 желтоқсаннан бастап Мағжан Жұмабаев ауданының Таманское, Успенка ауылдары енді. 7 желтоқсаннан бастап Есіл ауданының орталығы Явленка карантинге жабылмақ. Бұған дейін шектеу шаралары енгізілген Уәлиханов ауданының Ақбұлақ ауылынан 3 желтоқсан күні карантин алынды. 

Жалпы СҚО-да коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайлары біршама төмендеген. Осыдан шамамен бір апта бұрын ауырғандар саны жүзден асып кетсе, кешегі тәулікте КВИ жұқтырудың 68 жағдайы тіркелді. Оның тең жартысында адамдар дәрігерлерге ауырып қаралған. Жалпы СҚО-да КВИ-мен ауырған 7014 адам тіркелді.

Новости партнеров