Алматыдағы модульдік инфекциялық госпитальден 127 адам құлан-таза айығып шықты

25.05.2020 21:14

237 адам ем қабылдап жатыр

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Бүгінде Алматыдағы модульдік инфекциялық госпитальден 127 адам құлан-таза айығып шықты. 237 адам ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Науқастар емхананың озық жабдықтармен жарақтандырылғанын, оларға жасалатын күтімнің кәсіби деңгейде екенін баса айтса, дәрігерлер мұндай госпитальдің дер кезінде бой көтергендігін айтады. Індет жұқпалы болғандықтан, ең бірінші қауіп дәрігерлерге келеді. Ал ақ халаттылар мұнда өзімізді қауіпсіз сезінеміз дейді. Госпиталь заманауи желдеткішпен қамтылған.

«Бұл госпиталь коронавирус індетіне шалдыққандарды емдейтін қаладағы басқа да емханалардағы жүктемені анағұрлым азайтты. Мұнда әр клиникалық бөлімнің кіреберісі бөлек. Демек науқастар бір-бірімен байланыс жасамайды. Медицина қызметкерлері де әр бөлімге таза киіммен кіріп-шығады. Қабылдау бөлімшесінде заманауи рентген, жоғары санаттағы ультра дыбыстық зерттеу аппараты, лаборатория және озық технологиялы құрал-жабдықтар бар», – деді  инфекциялық госпитальдің аға дәрігері Мағаз МҰҚАШЕВ.