Елімізде короновирус бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты

05.07.2022 21:16

Министр шетелден келетіндерге ПТР тест тапсыруды міндеттемейтінін жеткізді

kapital.kz

Елімізде короновирус бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, барлық өңір жасыл аймақта, тек Алматы қаласы ғана сары аймаққа енді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Себебі шаһарда қауіпті дертке шалдыққандар көбейген. Сондай-ақ ол осы айдың ішінде аурудың өсімі жоғарылайды деген болжам барын атап өтті. Коронавирус былтыр және алдыңғы жылдары да дәл осы айларда күрт өскен. Қазір елімізде тәулігіне 187 жағдай тіркеліп отыр. Министр шетелден келетіндерге ПТР тест тапсыруды міндеттемейтінін жеткізді. 

«Алматы, Нұр-Сұлтан қаласындағы ауру адамдардың эпидемиологиялық анамнезін қарағанда, 5 пайызы ғана шетелден келген немесе шетелдегі адамдармен қарым-қатынаста болғаны айқындалды. Бұл ауру ел ішінде таралып отырғаны белгілі болғандықтан, әзірше шетелден ПТР тестпен кіргізу талабын қарастырып жатқан жоқпыз», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Ал Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Қазақстан барлық сценарийге дайын екенін жеткізді. Оның айтуынша, өңір «сары» аймаққа енетін болса, нақты бірнеше ұсынымдар беріледі. Оның ішінде ең алдымен бетперде тағу талабы да бар.

«Коронавирус 100 пайыз, тіпті 235 пайыз өсіп жатқан елдер де бар. Сондықтан біз оның бәрін ескеруге міндеттіміз. Қазақстан бөлек жатқан ел емес, қалған елдермен қарым-қатынастамыз. Сондықтан елді сақтауымыз керек», – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.