8,7 млрд теңгенің 91 түрлі дәрі-дәрмегі өңірлерге жөнелтілді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Халыққа медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру» тақырыбы аясында өткен онлайн брифинг кезінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Baq.kz-ке сілтеме жасап.
«Тамыз айының алғашқы 10 тәулігінде ПТР сынақтың теріс нәтижесі бар коронавирустың инфекция диагнозымен 13 280 адам тіркелді. Олардың 164-і қаза болды, жалпы соңғы тәулікте 159 адам жұқтырып, оның 12 науқас қайтыс болды», – деді ол.
Бағдат Қожахметовтың айтуынша, провизорлық орталықтарда жедел әрекет ету үшін денсаулық сақтау жүйесінің медициналық қызметкерлерді дайындаудан бөлек, дәрі-дәрмек қорын толтыру бойынша ауқымды жұмыс атқарылуда.
«Коронавируспен және аталған вирусқа ұқсас белгілері бар пневмониямен сырқаттанған науқастар үшін алдын ала бір айлық қорға есептелген препараттар сатып алынды. Қазіргі уақытта осы жұмысқа жауапты бірыңғай дистрибютор жалпы құны 8,7 млрд теңге болатын 91 түрлі дәрі-дәрмекті өңірлерге жөнелтті. Бұл орташа есеппен 40 мың науқасты қамтуға жетеді. Бес күннен кейін тағы екі айға жетерлік қор әзірленуде. Нақыт айтар болсақ, стационарлардағы 200 мың науқасты емдеуге жететін дәрі-дәрмектің 50 түрі әзірленді. Сонымен қатар, амбулаторлық жағдайда ем алатын 1 миллион науқасты емдеуге арналған дәрі-дәрмектің 5 түрін сатып алу үрдісі аяқталып қалды. Айта кету керек, бізде дәл осындай ауқымды шаралар алғаш рет қабылданып отыр. Осы орайда азаматтың коронавирус жұқтырғаны анықталса, ол өзі тіркелген емханаға барып қаралуы керек. Барлық емханада тиісті дәрі-дәрмек жеткілікті және ол тегін беріледі», – деді ол.