Сараптама құны 14 мың теңге, материалды алу 1 мың теңге
Елордада «UMC» корпоративтік қорының Республикалық диагностикалық орталығында коронавирус инфекциясын анықтайтын жаңа ПТР зертхана ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Мұндай зертхананың ашылуы COVID 19 індетімен күресте маңызды қадам саналады. Өйткені, ПТР-тестілеу арқылы адам ағзасында вирустың бар-жоғы анықталады. Және ол диагнозды зертханалық растау үшін қажет. Биоматериал ретінде жұтқыншақ пен мұрын қуысының қосылған жерінен алынатын жұғынды пайдаланылады. Сараптама құны 14 мың теңге, материалды алу 1 мың теңге»,– делінген хабарламада.
ПТР тестілеу үшін «UMC» корпоративтік қорының umc.org.kz сайтында сауалнама толтыру керек. Сосын Байланыс орталығының мамандары хабарласып, пациентті зерттеуге жазады.
Республикалық диагностикалық орталығы ғимаратында барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормалар сақталған. Өзге науқастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін зертханаға бөлек есіктен кіреді. Сондай-ақ, медицина қызметкерлері үшін барлық тиісті қорғаныс шаралары қарастырылған.