Иранның жүзден аса қаласында коронавирустың таралу қаупі сейілді

04.05.2020 21:23

Президент пандемияның аяқталу мерзімі әзірге белгісіз екенін хабарлады

inform.kz

Иран президенті Хасан Рухани елдің 132 қаласында коронавирустың таралу қаупінің төмендегенін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ИРНА агенттігіне сілтеме жасап. Қауіп деңгейі төмен 132 қалада мешіттер ашылып, жұма намазы оқылатыны мәлім болды. Отырыста президент корнавирус инфекциясының таралуын тоқтатуға арналған Денсаулық сақтау министрлігі жариялаған хаттаманы сақтағаны үшін ел тұрғындарына алғысын айтты.

Иран президентінің айтуынша, коронавирус инфекциясы бар адамдарды анықтаудың бірінші кезеңі аясында 50 миллионнан, екінші кезеңінде – 30 миллионнан астам скриннингтен өткен. Президент пандемияның аяқталу мерзімі әзірге белгісіз екенін хабарлады. Ол сондай-ақ, әлем бойынша 80-нен астам орталық вирусқа қарсы вакцина әзірлеуге тырысп жатқанын атап өтті. Рухани сонымен қатар мектептерді 9 немесе 16 мамырдан бастап ашу туралы ұсыныстар келіп түскенін хабарлады.

Бірақ нақты шешім әлі қабылданған жоқ. 3 мамыр күнгі соңғы деректер бойынша Иранда коронавирус жұқтырғандар саны 96448 адамға жеткен. 6156 адам вирустан қайтыс болған. 77350 адам емделіп, ауруханадан шығарылды.