Алматыда тұмау маусымына байланысты коронавирус агрессивті түрде өтіп жатыр

27.11.2020 21:23

Бүгінгі таңда Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырған 15876 адам тіркелген

Almaty.tv

Бүгінгі таңда Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырған 15876 адам тіркелген, оның 9583-інде ауру белгілері болса, 6293-і симптомсыз.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-брифинг барысында Алматы қаласы қоғамдық денсаулық Басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанар Мәдеева айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Брифингке, сондай-ақ, Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау Департаментінің басшысы, қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қатысты.

Сонымен қатар, басқарманың деректері бойынша күн сайын аурудың симптомсыз формасы 40 адамға дейін анықталады. Пневмонияны үдемелі түрде жұқтырудың 1140 жағдайы тіркелді. Емделіп шыққандар – 14740 немесе 93%. Қайтыс болғандар – 323.

Медициналық ұйымдарда 257 адам (15 бала) емделуде, оның ішінде ауырлық дәрежесі бойынша 20 (7%) адамның жағдайы аса ауыр, 65-і (25%) ауыр жағдайда, 230 науқас (68%) орташа ауыр жағдайда.

Бір тәулік ішінде емделіп шыққан 37 адам үйлеріне шығарылды, 61 науқас келіп түскен. Реанимация бөлімшелерінде 29 пациент бар, яғни стационарлық емдеудегі пациенттердің жалпы санының 11%-ы.

Ж.Мадееваның айтуынша, ауру жұқтырып, сырқаттанудың ең жоғарғы көрсеткіші 2020 жылдың шілде айында болды, реанимация бөлімшелеріндегі пациенттердің үлес салмағы 4%-ды құрады (стационардағы 1691 пациенттің 65-і), бұл қазіргі кезбен салыстырғанда 3 есе аз.

«Бұл факт аурудың агрессивті түрін көрсетеді. Жағдай аз уақыттың ішінде қиындап кетеді. Бұл коронавирустық инфекцияның басқа суық тию ауруларымен аясында жүруімен байланысты болуы мүмкін, бұл жағдай диагнозды растау үшін науқастардың медициналық ұйымдарға кеш жүгінуіне әкеледі», – деді ол.

Осы айда коронавирус инфекциясына байланысты 36 науқастың өмірі өліммен аяқталды. Оның ішінде, жас құрылымы бойынша: 65 жасқа дейін – 10 пациент немесе 28%, 65 жастан жоғары – 25 пациент немесе 72%. Тәулік бойынша тағы қосымша: тағы 3 науқаста өлім тіркелген.

«Қайтыс болған 36 пациенттің тек 8-і немесе 22%-ы аурудың 7-ші күніне дейін қаланың стационарларына түсті, қалған 28-і (78%) аурудың кеш мерзімінде, яғни аурудың оныншы және одан да көп күннен кейін түсті. Сонымен қатар, науқастардың 19-ы немесе 52%-ы аурудың алғашқы белгілері болған кезде дер кезінде өз емханаларына жүгінбей, таныстары мен туыстарының ұсыныстарын пайдалана отырып, үйде ем қабылдаған», –  деп толықтырды Ж.Мадеева.

Басқармада коронавирус өліміне әсер ететін негізгі факторларды атап өтті:

- пациенттердің жасы 65 жастан асқан болуы(пациенттердің 72%);

- коронавирус аясында қолайсыз басқа да аурулардың болуы (пациенттердің 100%-ы);

- пациенттердің стационарлық емделуге кеш түсуі (пациенттердің 78%-ы);

- ауруханаға дейінгі кезеңде тиісті емес (дұрыс емес) ем қолданылуы (пациенттердің 52%).

«Осыған байланысты қала тұрғындары мен қонақтарына тағы да еске салғым келеді. Аурудың алғашқы белгілері кезінде өзін-өзі оқшаулау бойынша барлық мүмкін шараларды қабылдап, аумақтық емханаға хабарласып, дәрігерді шақыру қажет», – деген ол тұрғындарды барлық алдын алу шараларын сақтауға шақырды.