Коронавирус: Маңғыстау облысында 3 оқушы мен мұғалімнен анықталды

Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден
Өңірде жалпы 43 оқушы мен 23 балабақша қызметкері COVID-19 жұқтырған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Маңғыстау облысында оқу жылы басталғалы бері 3 оқушы мен 1 мұғалімнен коронавирус анықталған. Олар оқшауланды. Бұл туралы облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті эпидимиология бөлімінің басшысы Бердібек Қаралтаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

«Талдау нәтижесінде 2 оқушыда коронавирус инфекциясы расталды. Олар қашықтан оқыған. Ал тағы бір вирус жұқтырған оқушы №29 мектепте білім алады. Ол карантинде жатыр. Онымен бірге білім алған кезекші сыныптың оқушыларын да карантинге жібердік. Баламен байланыста болған барлық адам COVID-19 вирусының бар-жоғына тегін тест тапсырады. Олар үйде карантинде жатыр, 7 күннен соң тест тапсырады», – деді Бердібек Қаралтаев.

Сондай-ақ, бөлім басшысы оқушылардан коронавирус анықталмаса, олар мектепте білім алуды жалғастыратынын атап өтті.

«Мұнайлы ауданындағы мектепте ағылшын тілі мұғалімінен коронавирус анықталды. Онымен байланыста болғандардың барлығы тексеруден өтеді», – деді ол.

Маңғыстау облысы білім басқармасының мәліметінше, кезекші сыныптағы бір бала коронавирус жұқтырса, сынып толығымен карантинге жіберіледі, ал мектеп жұмысын жалғастыра береді. Бұл шара санитариялық талапқа сәйкес қабылданады.

Маңғыстау облысы бас санитар дәрігері Ғани Надуевтің айтуынша, өңірде жалпы 43 оқушы мен 23 балабақша қызметкері COVID-19 жұқтырған.

Новости партнеров