Әлемнің «мен» деген мықты ғалымдары COVID-19-ды жоюдың, емдеудің әдіс-тәсілдерін зерттеуге, жаңа препарат ойлап табуға бел шеше кірісті
Қытай Республикасының Ухань қаласынан табылған бір ғана қауіпті вирус әлемге әп-сәтте тарады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жасқа да, байлыққа да, денсаулыққа да қарамай талай тағдырды жалмады. Әлі де айылын жиған жоқ.
Бұрын-соңды мұндай дертпен бетпе-бет келмеген адам баласы абдырап қалды әу баста. Ғалымдар, саясаткерлер, дәрігерлер түрлі болжам жасады. Бірі қарусыз майдан деді, енді бірі «қайдам» деп вирустың қайдан, қалай шыққанын қазбалай бастады. Әлемнің «мен» деген мықты ғалымдары COVID-19-ды жоюдың, емдеудің әдіс-тәсілдерін зерттеуге, жаңа препарат ойлап табуға бел шеше кірісті. Осы жерде қазақстандық медицинаның жілігін шағып, майын ішкен майталмандары дамыған елдердің ғалымдарын баса озбаса да жедел шешім қабылдағанын мойындау керек. Бұл ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев медицина мамандарының алдына мақсат қойды, қолдау танытты.
«Осы медицина саласына көбірек көңіл бөлуіміз керек. Яғни санитарлық-эпидемиологиялық қызметке тиісті көңіл бөлуіміз керек. Содан кейін медицина ғылымына көңіл бөлуіміз керек. Қазіргі жағдайда адамзаттың тағдыры ғалымдардың қолында. Сондықтан келешекте ғылымға көбірек көңіл бөлуіміз керек», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының дертті дер кезінде тоқтату жолында атсалысуға баса назар аударуы көрегендік деуге болатын шығар. Бірнеше рет халыққа үндеу жариялады. Ғылыми орталықтардың әлеуетімен танысты. Өйткені әлемнің экономикасы құлдырады. Шекаралар жабылды. Өндіріс орындары тоқтады. Бизнес банкротқа ұшырады. Шектеулер енгізіліп, апталап, айлап адамдар үйлеріне қамалып отыруға мәжбүр болды. Сондықтан халықтың әл-ауқатын төмендетіп, экономикалық ахуалды күрделендіріп алмас үшін бірінші кезекте халықты қорғаудың амалын жасау міндеті тұрды. Қазақстандық ғалымдар алдымен COVID-19 коронавирус инфекциясын анықтайтын тест жасап шығаруға кірісті. Солардың бірі – Ноттингем және Питтсбург университеттерінің түлегі, «Қазақстанның 100 жаңа есіміне» енген жас генетик ғалым Болат Сұлтанқұлов алты ай ішінде тез-тест ойлап тапты. Қазіргі қолданыстағы ПЦР тесттен айырмашылығы, оған ешқандай қымбат құрылғы керек емес. Шикізаты аса қымбат шығынды да қажет етпейді.
«Бұл тест антитела емес, өзі вирусты көрсетеді. Оны қолданатын наноденелер деген нәрселер бар. Оған алтынды қостық. Наноденелерді маған Швейцариядан Цюрих университетінен жіберді, көмек ретінде осы тестті жаса, деп. Наноденелердің ең маңыздысы ол өте арзан нәрсе. Оны бір көптеген бактериялардың ішінен шығаруға болады», – деді жас ғалым Болат Сұлтанқұлов.
Ендігі кезекте әлемдік ғалымдар вакцина жасаудың жолын іздестіруге көшті. Екпе мәселесі қазақстандық ғалымдарды да бей-жай қалдырмады. Әрине, коронавирусқа қарсы дәрі немесе вакцина шығару тест жасаумен салыстырғанда әлдеқайда қиын. Оған бірнеше жыл кетеді. «Кісідегінің кілті – аспанда». Сондықтан эпидемия кезінде біреуге қол жайып отырғаннан гөрі отандық вакцинаның болуы өте маңызды екені сөзсіз. Елімізде вакцина жасау үлкен екі мекемеге тапсырылды. Олардың біреуі Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты болса, екіншісі – Ұлттық биотехнология орталығы. Тапсырыс берілген күннен бастап аталған екі ғылыми орталықтың мамандары арнайы зерттеу бағдарламасын даярлап, зерделеу жұмыстарын бастап кетті.
«Біздің Qaz.Covid-in инактивтелген, яғни өлтірілген вакцина. Адамдарға пайдаланылмас бұрын бірнеше кезең бақылау талаптарынан өтеді. Алдымен ол доклиникалық зерттеулер. Бірнеше жануарларға доклиникалық зерттеулер өткізілді. Оның нәтижесінде адамдарға клиникалық зерттеулерге шықтық. Ал спутник V векторлық вакцина. Платформалары әртүрлі. Оларды технология, механизм жағынан салыстыруға болмайды», –деді Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закария.
Жамбыл облысындағы институт ғалымдарының сөзінше, Qaz.Covid-in вакцинасы шетелдік екпелерге қарағанда өзгеше. Бұл бөлінбеген толық вирус. Тек бірнеше рет өлтіріліп, көбеймейтіндей дәрежеге жеткенде ғана адамға салынады. Ал басқа вакциналар бірнеше вирустан құрылған. Яғни, коронавирустың бір бөлігі, келесі бір вирусқа қосылып жасалады. Сондықтан мамандар Qaz.Covid-in-нің тиімділігі жоғары дейді.
«Коронавирус келген кезде біз жаңа вирус екен деп одан қорқып немесе шошынған жоқпыз. Себебі коронавирус малда да болады, басқа тек қана COVID-19 ғана емес басқа да аурулар болған, солардың қоздырғыштары да коронавирусқа жатады. Тексерістер бітер шамасында біз өзімізге де салып алдық. Бір жағынан өзіміздңі қауіпсіздігіміз, қауіпсіздігімізді қорғау себебі, юіз ауырып қалсақ жұмысымыз тоқтап қлауы мүмкін. Екінші жағынан бұл вакцинаны біз халыққа береміз. Медицинаға берген кезді бұл вакцина қалай әсер етеді адамның ағзасына, соны білу үшін өзімізге алдыменен салып алдық», – деді аса қауіпті індеттік аурулар зертханасының меңгерушісі Лесбек Күтімбеков.
1 жыл бойы тынбай жұмыс жүргізген ғалымдар еңбегінің нәтижесі жақында жұртшылықтың игілігіне жарай бастады. QazVac- қазақстандық вакцинасының бірінші партиясы өңірлерге жөнелтілді. 50 мың дозадан тұратын алғашқы партия Алматы, Шымкент, Ақтөбе және Нұр-Сұлтандағы "СК-Фармация" қоймаларына жеткізілді. Алдағы уақытта вакцина өндірісі біртіндеп айына 500-600 мың дозаға дейін көбейтіледі. Отандық екпе Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тізіміне енгізілген. Осылайша Қазақстан COVID-19 індетіне қарсы вакцина шығарған он мемлекеттің және өз әзірлемелерін тіркеген бес елдің қатарына кірді.
«Дүниежүзіндегі мемлекеттерде бүгін өзінің вакцинасын шығарған мемлекеттер санаулы ғана мемлекеттер. Оның ішінде АҚШ, Ресей мемлекеті, Қытай, Англия, Иран мемлекеттері, Соның ішіне бүгін міне, Қазақстан мемлекеті өзінің вакцинасын шығарып отыр. Үш күннің ішінде оның барлығы әрбір облыстарға жеткізілетін болады. Келесі жұмада алғашқы вакцинаны бастайтын боламыз», – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.
Айта кету керек, ең бірінші болып Қарағанды фармацевтикалық зауыты Ресейдің «Спутник V» вакцинасын өндірді жүзеге асырды. Әсерлі заты Ресейден жеткізіліп, қалған құрамы Қазақстанда жасалады. Осы екпемен алдымен дертпен күресіп жүрген сала мамандары егілді. Ол да өзінің тиімділін танытып, кең қолданыла бастады. Мұнда қазір вакцина өндіру көлемі 1 млн дозаға дейін ұлғайған. Ал, шілде айына дейін өндіріс қуатын 2 миллион дозаға дейін жеткізу мақсаты тұр.
«Мына жерде құйылады. Құю бір реттік жүйе арқылы жүзеге асырылады. Яғни биореактрлармен араластырып, стерильдеу арқылы сүзгіден өткіземіз. Одан кейін құю процессі жүреді. Құтылардың механикалық қосылуы тексеріледі. Ары қарай стекирленіп, 0 градусқа дейін жедел салқындатуға қойылады. Сосын барып – 20 градусқа дейін тоңазытамыз. Бұл вакцина вирусқа қарсы күресте тиімділігін көрсетті. Жанама әсері өте аз. Вакцина барлық зерттеулерден өткен. Сондықтан оның сапасына еш күмән болмауы тиіс», – деді Қарағанды фармацевтикалық кешенінің өндіріс бойынша директоры Владимир Фольмер.
Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық аграрлық университеті жанындағы халықаралық вакцинология орталығының ғалымдары да коронавирусқа қарсы вакцина ойлап табу бағытында жұмыстар жүргізіп жатыр. Мұнда жануарларға жасалған сынамалар өзінің жақсы нәтижесін көрсеткен. Сәтін салса, бірнеше сынақ кезеңінен өткеннен кейін, әлемдік деңгейдегі жетістік болмақ.
«Коронавирус вакцинасының біз суперлекторлы вакцинасын дайындап жатырмыз. Сол вакцинаның синтетикалық түрде биологты алатын боламыз. Қазіргі таңда термосатта шейкордың ішінде культуроклетка өсіп жатыр соны дайын мақсатында. Қазіргі таңда ауыз толтырып айтарлық нәтижеміз бар. Бірақ дегенмен, тағы да қосымша зерттеулер жүргізбес бұрын халыққа жариялап айтқымыз келмейді», – деді Қазақ Ұлттық Аграрлық Университет жанындағы халықаралық вакцинология орталығының директоры Қайсар Табынов.
Бүгінде бұл орталықта 3 зертхана бар. Мұнда зерттеулер әлемдік деңгейде жүргізіледі. Жақында Алматы қаласында анықталған короновирустың британдық және оңтүстік африкалық штамдарының мутациясын тапқан да осы орталық мамандары. Штамм демекші, елордадағы Ұлттық биотехнологиялар орталығының мамандары өкінішке қарай, вируспен күресте препараттар мен вакцина жасау ісіне үлкен мән беріліп кеткенін, ал дәрігерлер мен науқастарға олардың қандай штаммен ауырғанын ақпараттандыру жағы ұмыт қалды дейді. Өйткені вирустың мыңдаған мутациясы бар екен. Бүгінде орталық ғалымдары осы мәселені зерттеуге басымдық берген.
«Өкінішке қарай, осы мыңдаған мутанттардың арасында адамның өмірін және вируспен күрес стратегиясын, тәсілін өзгертіп жіберетін өте қауіпті мутанттар бар. Барлығы британдық, оңтүстік африкалық штамдары туралы біледі. Енді міне, үндістандық штамм пайда болды. Бұл штамдардың 1 жарым жыл бұрын пайда болған кәдімгі вирустан айырмашылығы олар өте контагиозды, өте жұқпалы болып келеді. Немесе вакцинацияға әсері болмайды немесе әсері аз болады. Сондықтан вирустың генетикалық ерекшеліктерін ескермеу дұрыс емес», – деді Ұлттық Биотехнологиялар орталығының бас директоры Ерлан Раманқұлов.
Міне, сол себепті біздің ағзамызды қандай жау қоршап алғанын, халық арасында қандай вирус жүргенін анықтау үшін штаммдарға мониторинг жүргізіледі. Ол зертханалық жолмен РНК, ДНК-ы секвинирлеу арқылы жүзеге асырылады. Аталған орталық ғалымдары пандемия басталғаннан бері әртүрлі штамдарды жинақтай бастаған.
«Ешқандай базада жоқ мыңдағана қазақстандық мутацияларды анықтадық. Алайда біз «алматылық» немесе «астаналық» деп бөліп жаруға асықпадық. Өйткені алдымен ол штамдарға клиникалық дәлел қажет. Бастысы қазақстанда мутанттар болған жоқ. Бірақ шетелдің қауіпті штамдары тез таралатынын, халықтың қанша пайызы оны жұқтырғаны туралы ақпарат - өте қажет және маңызды», – деді Ұлттық Биотехнологиялар орталығының бас директоры Ерлан Раманқұлов.
Қазақстан COVID-19 індетіне қарсы вакцина шығарған он мемлекеттің және өз әзірлемелерін тіркеген бес елдің қатарына кірді. Осылайша ғалымдарымыздың қауқары халықаралық деңгейде танылды. Мойындалды. Бастысы отандық ғалымдардың айтуынша, ғылыми әлеует сапасын арттыру, инновацияларды енгізу және қаржыландыру бағытында елімізде түбегейлі жаңа шешімдер қабылданып жатыр. Демек, ғылымның дамуы арқылы әлеуметтік, экономикалық, өндірістік және техникалық толайым жетістіктер жебе беретінімізге еш күмән жоқ.