Коронавирусқа қарсы екпенің толық курсын алғандарға бірқатар шектеулер жойылады. Ол туралы Денсаулық сақтау министрі айтты. Алексей Цойдың сөзінше, қазіргі уақытта елімізде вирус жұқтырудың өсу қарқыны тұрақтанып келеді. Вирустың репродуктивтілік деңгейі төмендеген. Ауруханаларда орындар - 42 пайызға, жансақтау бөлімдері 28 пайызға толы. Дегенмен әлі де 9 өңір «қызыл аймақта қалып отыр. Елдегі эпидемиологиялық жағдай туралы егжей-тегжейлі Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тарқатады.
Бүгінгі күнде, өңірлерге 2 млн 300 мыңнан астам вакцина жеткізілген. 1,5 млн-ға жуық адам вакцинаның бірінші компонентін және 350 мың адам екінші компонентін алды. Мамырда екі миллионнан астам адамды вакцинамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Екпе қабылдауда аймақтар бойынша Алматы қаласы тұрғындарының белсенділігі жоғары.
«Халықтың коронавирусқа қарсы вакцинаға қажеттілігін барынша қамтамасыз етіп, пандемия деңгейін төмендету үшін барлық іс-шаралар іске асырылуда. Ауыл тұрғындарына вакцина салуға ерекше назар аудару керек. Сонымен қатар вакцина алғандардың саны артқанымен, азаматтар белгіленген санитариялық нормаларды қатаң сақтауды жалғастыруы тиіс»,– деді ҚР Премьер министрі Асқар Мамин.
Сонымен қатар, коронавирусқа қарсы вакцинацияның толық курсын өткен адамдарға бірқатар шектеу жойылатынын айтты Денсаулық сақтау министрі.
«COVID-19-ға қарсы вакцинацияның толық курсы болғанда ауруханаға жатқызудың кез келген түрінде, ұйымдастырылған ұжымдарға барғанда, еңбек демалысынан, іс-сапардан оралғанда, науқастануына байланысты жұмыс орнында болмаған кезде ПТР тест талап етілмейді. COVID-19-дың нақтыланған жағдайымен байланысты болғандар оқшауланбайды. Бірақ, медициналық бақылау қамтамасыз етіледі. Кеңселік ұйым қызметкері қашықтан жұмыс істеу форматына жіберілмейді»,– деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Әлеуметтік-экономикалық нысандарға да қойылған кейбір шектеулер алынып тасталады. «Қызыл» аймақтағы супермаркеттердің, гипермаркеттердің жұмыс уақытына қатысты шектеулер жойылып, ашық базарлардың демалыс күні жұмыс істеуіне рұқсат беріледі.
«Жасыл» аймақтағы мейрамханалар, дәмханаларға, кофеханаларға таңертеңгі 7-ден түнгі сағат 02-00-ге дейін рұқсат берілді. Бұл ретте аталған нысандардан бір уақытта 50-ден артық адам болмауы тиіс. Сонымен қатар «жасыл» аймақтағы компьтерлік клубтар, боулингтер толымдылығы 30 пайызбен жұмыс істей алады. Ал «сары» аймақта көрермендердің қатысуымен спорттық іс-шаралар өткізуге рұқсат берілді. Бұл ретте спорттың іс-шара өтетін орын не бәрі 15 пайыз толымдылықпен қызмет көрсетуі қажет. Сонымен қатар «қызыл» аймақтағы асхана үлгісіндегі қоғамдық тамақтану нысандары 24-00-ге дейін, «сары» және «жасыл» аймақтарда тәулік бойы жұмыс істей алады»,– деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Кәсіпкерлік нысандарына «Ashyq» жобасын енгізу жұмыстары жалғасын табады. Бүгінде бұл бағдарламаға республика бойынша 3 мыңға жуық бизнес субъектілері қосылған. Қосымшаны бизнеске енгізу көрсеткіштері Ақмола, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында көңіл көншітпейді. Айта кетейік, елімізде өткен аптада коронавирустан науқастану көрсеткіші 2 пайызға төмендегенмен, өлім-жітім көрсеткіші алдыңғы апта деңгейінде сақталып отыр. Әлі де тәуекелі жоғары аймақта 9 өңір бар.