Алматыда коронавируспен ауырған адам тіркелген жоқ

Алматыда коронавируспен ауырған адам тіркелген жоқ
Қытай, Иран сияқты елден келген 12 адам үйлеріне жіберілген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда короновируспен ауырған адам тіркелген жоқ. Бұл туралы бүгін Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.  

Оның сөзінше, коронавирусқа байланысты І (бірінші) санаттың А тобына енген қауіпті елдерден келген 131 азамат арнайы стационарда ем алып жатыр. Ал осы санаттағы В тобында 119 адам дәрігерлердің бақылауында. Бұдан өзге ІІ категорияда – 955, ІІІ санатта – 1 мың 632 адамның денсаулығын эпидемиологтар қадағалап отыр. Қытай, Иран сияқты елден келген 12 адам емханадан үйлеріне жіберілген. Тағы 12 адамды шығару үшін сараптама қорытындылары күтілуде.

«Бұл стационарда жатқан науқастардың барлығының денсаулығы жақсы. Біз оларды тек медициналық бақылауда ұстап отырмыз. Оларды 14-күнге жақындағанда анализдері алынып, соның қорытындысы бойынша ғана ауруханадан шығарылады. Міне, кеше осы стационардан 12 адам шығарылған болатын», – деді қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан ӘБІЛДАЕВ.

Брифинг барысында коронавирустан қорғану шаралары түсіндірілді. Дәрігерлер халыққа қоғамдық орындарға барудан бас тартуға кеңес берді. Сондай-ақ адам көп жиылатын мекемелерде мәдени-қоғамдық іс-шаралар азайтылуы керек. Мамандар қалада маска тапшылығы бар болғанымен, аз мөлшерде деген пікір білдірді.  

«Бетперде қалада бар. Күнде дәріханаларға хабарласып бетперде бар-жоғы анықталып отырады. Бетперде жеткіліксіз деп жатырмыз, негізі жеткізбей жатқан өзіміз. Өйткені бетперде бәрімізге белгілі жағдайларда ғана қолданылады. Мысалы, өзі ауырған кезде немесе адам көп шоғырланған жерде деген сияқты. Ал ауырмаса да бетперде киіп жүрудің еш пайдасы жоқ», – деді қалалық Тауарлар мен қызметтер қауіпсіздігі және сапаны бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел ҚАЛЫҚОВА.

Новости партнеров