Бүгінде коронавирусқа шалдығып жатқан азаматтардың 80 пайызы вакцина алмаған
Алматы қаласы «сары» аймаққа ауысты. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«4 шілдеден бастап Алматы қаласы «сары» аймаққа өтті. Қазіргі уақытта қаланың мемлекеттік бас санитар дәрігері қаулыны даярлау үстінде. Қаулыда барлығы жазылады. Осы орайда біз әр азаматты коронавирусқа қарсы вакцина алуға және ревакцинациядан өтуге шақырамыз», - деді Ержан Байтанаев.
Оның айтуынша, бүгінде коронавирусқа шалдығып жатқан азаматтардың 80 пайызы вакцина алмаған.
«Қазақстандықтарды өзі мен жақындарының денсаулығын сақтау мақсатында вакцина алудың барлық процесінен өтуге шұғыл түрде шақырамыз. Бұл процесс ұжымдық иммунитетті қалыптастыра түсу үшін де маңызды», - дейді ол.
Мамандар «омикрон-стелс» штамы әсіресе балалар үшін қауіпті деп отыр. Сонымен қатар қарттар мен созылмалы аурулары бар адамдарға да сақтануға кеңес береді.
«Бұрынғы Альфа, Бетта, Дельта деген штамдарына қарағанда Омикрон әрине, жеңілдеу өтеді. Бірақ айтып кеткен штамдар тек ересек адамдарға қауіпті болса, омикрон кішкентай балаларға да қауіпті. Әсіресе, 3 жасқа дейінгі балаларға адамның тамағына зиян келтіріп, ауыр дәрежеде өтеді», – деді инфекционист Динагүл Баешева.
Маман халық көп жиналатын орындарға бармауға кеңес беріп, санитарлық талаптарды сақтау керектігін де айтты. Ең басты қорғаны вакцина екенін естен шығармаған да абзал. Өйткені бүгінгі таңда коронавирусқа шалдыққан азаматтардың 80 пайызы екпе салдырмаған.
Асылбек Тойбек, Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы