Алматыда 2 мыңға жуық адам ковидтік стационарларда емделіп жатыр

almaty.tv
almaty.tv
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Эпидахуалдың күрт нашарлауына байланысты бүгін Алматы облысы «қызыл» аймаққа енді. Жалпы елде қауіпті індетке шалдыққандар жарты миллионға жуықтады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv

Ал, науқастардың күрт артуына байланысты Алматыдағы ауруханаларда да орын саны көбейтіліп жатыр. Қызыл аймақтағы орталық клиникалық ауруханадан толығырақ тілші тарқатады. 

Қазір қаладағы ковидтік стационарларда 2 мыңға жуық науқас ем алып жатыр. «Инфекция жұқтырғандардың арасында әртүрлі штаммдар анықталып жатыр»,- деген дәрігерлер қоғамдық орындарда санитарлық талаптарды қатаң сақтауды ескертіп отыр.

«Коронавирустың 4-толқынында науқастар аса ауыр халде көптеп түсіп жатыр. Анықталған штаммдар да былтырғымен салыстырғанда басқа. Тек менің бөлімшемнің өзінде қазір 56 науқас бар. Оның 48-і орташа, ал 8-і ауыр халде жатыр. 4 пациенттің жағдайы аса ауыр деп бағаланып отыр»,– деді №6 коронавирустық инфекция бөлімінің меңгерушісі Рашид Мамедов.

«Қызыл» аймақтағы орталық клиникалық ауруханада қазір 670 науқасқа орын дайындалған. Ал, тек жансақтау бөлімінің өзінде 67 пациент бақылауда. Бұл- жағдайы ауыр деп бағаланғандардың саны. Беті бері қарап, денсаулығы қалыпқа түскендер «Ауру белгілері байқалған алғашқы күндерді ойлаудың өзі қорқынышты»,– дейді.

«ПТР тесттің нәтижесі оң екенін естігенде қатты қорықтым. Коронавируспен ауырып қаламын деген ойыма келмепті. Өзімнің, жақындарымның өмірі үшін қобалжыдым. Вакцина алғандықтан шығар, ауру менде жеңіл өтті. Қазір жағдайым жақсы. Екпе алмағанда қандай болар едім, ойлаудың өзі қорқынышты», – деді науқас.

Ресми ақпарға сүйенсек, соңғы 7 тәулікте коронавирус жұқтырғандардың 90 пайызынан симптомдық белгілер анықталған. Салыстырмалы түрде былтырғы бірінші толқында мұндай науқастар 50 пайызды ғана көрсеткен еді. Демек, қазір ел аумағында тарап жатқан вирус өткен жылғымен салыстырғанда әлдеқайда қауіпті болып отыр.

«Алдыңғы толқындарға қарағанда қазіргісі өте тез келіп жатыр. Неге десеңіз, қазір біз бірінші күндері пневмонияның сатысын компьютерлік томография арқылы анықтаймыз. Бірінші түскендер төменгі сатыда түседі. Екі-үш күннің ішінде саты жоғарылап кетеді. Бұл көбінесе қосалқы ауруы- қант диабеті, артериялық қан қысымы. Сол сияқты қосалқы аурулар барларда жағдай тез ауырлап кетіп жатыр», – деді қабылдау бөлімінің меңгерушісі Дәулет Чукманов.

Айта кетейік, қазір короновирусты жұқтырғандардың қатарында балалар да бар. Инфекциялық стационарларда ем алып жатқан 2878 адамның 209-і кәмелет жасына толмағандар.

Мадина Оқас, Рашид Шүкірәлиев,«Алматы» телеарнасы


Новости партнеров