ШЫҰ хатшылығы эпидемияға қарсы үйлестіру кеңесін құруды ұсынды

24.07.2020 21:40

Бұл ұсынысты ұйымның бас хатшысы Владимир Норов білдірді

© AFP 2019 / MARK RALSTON

Шанхай ынтымақтастық ұйымының хатшылығы эпидемияға қаупіне қарсы бірлесе күш жұмылдыру бойынша үйлестіру кеңесін құруды ұсынды. Бұл ұсынысты ұйымның бас хатшысы Владимир Норов білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің обамен күрес саласындағы ынтымақтастығы туралы келісім жобасы мақұлдау сатысында тұр. Ұйымға мүше мемлекеттердің жедел және жүйелі өзара іс-қимылын ұйымдастыру үшін ШЫҰ кеңістігінде эпидемия қаупіне қарсы бірлескен іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесін құру  – осы бағыттағы нақты қадам болуы мүмкін. Құжат жобасын ШЫҰ Хатшылығы әзірледі. Өзбек және тәжік тараптары ШЫҰ мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің кеңесінде хатшылықтың бұл ұсынысын қолдады. Аталмыш механизм мүше мемлекеттерге эпидемиологиялық аурулардың алдын-алуға қатысты кешенді шараларды әзірлеуге және іске асыруға арналған», – деді Владимир Норов ШЫҰ мүше мемлекеттердің денсаулық сақтау министрлерінің отырысында.

Оның айтуынша, таяуда Санкт-Петербургте ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының саммиті өтеді.

«Ұйымға мүше мемлекеттердің аймақтағы індет қаупіне қарсы тұрудың кешенді іс-шаралар жоспарын қабылдау жұмысы жоспарлануда. Коронавирус пандемиясынан туындаған қауіптің ауырлығын ескере отырып, бірлескен күш-жігер мен өзара қолдау бұл төтенше жағдайды сәтті еңсеруге және эпидемияның таралуын тоқтатуға мүмкіндік береді. Мұндай жағдайда ШЫҰ денсаулық сақтау министрлерінің кеңесі сияқты практикалық өзара іс-қимыл тетіктерінің тиімділігі айтарлықтай арта түсері даусыз», – деді ол. Еске сала кетсек, бүгін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің денсаулық сақтау министрлерінің отырысы өткен болатын. Отырыста Ресей, Үндістан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан денсаулық сақтау министрлері, сондай-ақ Пәкістан премьер-министрінің арнайы көмекшісі, ҚХР Мемлекеттік денсаулық сақтау комитетінің басшысы ШЫҰ мүше-мемлекеттеріндегі қазіргі жағдай туралы баяндама жасады.