Коронавирустың төртінші толқынының алдында тұрмыз – Бекшин

28.06.2021 21:44

Алматыда эпидемиологиялық жағдай жаңа штаммға байланысты күрделене түскен

Almaty.tv

Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен онлайн сұхбатында қала коронавирус бойынша 4-толқын алдында тұрғанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Біз төртінші толқынның алдында тұрғанымызды мойындауымыз керек, оған  «дельта» штаммы себеп.  Біз «жасыл» аймаққа өткенде ауру көрсеткіші тәулігіне 100 жағдайға дейін төмендеді, бірақ жаңа штамдарға байланысты күрт өсті. Үнді штамының басқа мутацияланған штамдармен салыстырғанда патогенділігі жоғары
Біз инфекцияның таралуына жол бермеу үшін қатаң шараларды қабылдауға мәжбүр болдық»
, – деді Ж. Бекшин.

Оның айтуынша, Алматыда эпидемиологиялық жағдай жаңа штаммға байланысты күрделене түскен. Өткен аптада коронавирус дерті 1,7 есе өсіп, 742-ден 1237-ге дейін жеткен. Соңғы тәулікте КВИ жұқтырған 215 науқас тіркелген.  

Қаланың бас санитар дәрігері алматылықтарды вакцинациялауға және санитарлық нормаларды сақтауға шақырды.