Премьер-министр коронавирус тараған мемлекеттерден жұмыс күшін тартуға тыйым салынады

Премьер-министр коронавирус тараған мемлекеттерден жұмыс күшін тартуға тыйым салынады
Елжан Біртанов халық арасында дүрбелең тудыруға бағытталған жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізге коронавирус тараған мемлекеттерден жұмыс күшін тартуға тыйым салынады. Мұны бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин қадап тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ал Қазақстанда жұқпа анықталған жағдайда біздің арнайы жоспарымыз бар, деді еліміздің Денсаулық сақтау министрі. Сондықтан Елжан Біртанов халық арасында дүрбелең тудыруға бағытталған жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды.

"Қазақстанда коронавирус инфекциясы анықталған жағдайда сақадай саймыз. Бізде «Б» жоспары бар", – деді еліміздің денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов. Айтуынша, барлық мемлекеттік органмен мақұлданған жоспар ел аумағында инфекцияның таралуын барынша шектеуді көздейді. Бұл үшін жұқпа тараған мемлекеттерден келгендер жіті бақыланбақ. Шекаралар қатаң қадағалауда болады. Ал инфекция жылдам тарап жатқан елдерге тұрақты авиарейстер шектеледі. Одан бөлек сол мемлекеттерден еңбек мигранттарын қабылдамау да тапсырылды.  

«Әкімдіктер мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шетелден жұмыс күшін тарту үшін коронавирустың анықталу деңгейі қолайсыз елдердің азаматтарына рұқсат беруді тоқтата тұрсын. Сондай-ақ, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, коронавирус инфекциясының алдын алу шараларын күшейту бойынша халықпен сапалы ақпараттық жұмыс жүргізсін», – деді ҚР Премьер-министрі Асқар МАМИН

Коронавирусқа байланысты Иран мен Әзірбайжан елдерінің азаматтарына Қазақстанға кіруге тыйым салынды. Ал отандастарымызға вирус деңгейі жоғары мемлекеттерге сапарламауға кеңес берілді.  

«Бүгінде Қытайдан 480 қазақстандық эвакуацияланды. Қытайға күнделікті авиарейстер, теміржол қозғалысы мен жолаушылар тасымалы тоқтатылды. 2020 жылдың 3 ақпанынан бастап Қытай азаматтарына виза беру тоқтатылды. 5 наурыздан бастап Әзербайжан мен Иран елдеріне Қазақстанға кіруге тыйым салынады», – деді ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар ТІЛЕУБЕРДІ.

Бұдан бөлек, Үкімет басшысы өңір әкімдіктеріне эпидемияның алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды. Әсіресе, халыққа қызмет көрсету орталықтары, білім ошақтары мен сауда орындары, жалпы барлық әлеуметтік маңызы бар нысандарды басты назарға алуды жүктеді. Ал еліміздің фармацевтикалық кәсіпорындарына медициналық маскалар шығаруды ұлғайту міндеттелді.  

«Иә, бүгінде расында да медициналық бетперделердің тапшылығы байқалады. Бастапқыда осы мәселе айтылғанда халық дүрлікті. Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде осы жағдай.  Қазақстанда бетперде жеткілікті болады. Тағы да қайталап айтамын, кейбір дәріханаларда бетперделер жоқ болса, бұл Қазақстан ештеңеге дайын емес деген сөз емес», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы ТОҒЖАНОВ

Белгілі болғаны, қазақстандық компаниялар тәулігіне 170 мың бетперде шығарады. Ал бір айда 5 миллионға жетеді. Қажет болған жағдайда 6,5 миллион бетперде шығаруға қауқарлы екен.

Салтанат Нысанбек, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан

Новости партнеров