Бүгінде коронавирус жұқтырған науқастарға ем-дом көрсету мақсатында барлық емханаларда мобильдік топ құрылған
Коронавирус індетімен ауырған науқастарға дене қызуын түсіретін дәрі-дәрмек пен антикогулянттар тегін беріледі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен бұйрыққа сәйкес, тегін медициналық препараттар емханаларда қамтамасыз етіледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында онлайн сұхбат берген «Жас Қанат» бастапқы медициналық-санитарлық көмек орталығының жалпы тәжірибе дәрігері Меруерт Кошенова мәлімдеді. Бүгінде коронавирус жұқтырған науқастарға ем-дом көрсету мақсатында барлық емханаларда мобильдік топ құрылған. 27 мыңға жуық науқас тіркелген «Жас Қанат» бастапқы медициналық-санитарлық көмек орталығында 5 мобильді топ құрылып, жұмысын жалғастыруда. Ал аурудан құлан таза айығып шыққандар саны – 243. Дәрігер өз сөзінде халықты өздігінен ем қабылдамауға шақырды.
«Ең біріншіден, науқастарға айтарымыз, өздігінен ем қабылдамаңыздар. Егер де қандай да бір шағымдарыныңыз болса, тіркелген емханаға жүгініңіз. Пандемия басталғалы біздің емханада 145 симптомсыз коронавирус инфекциясының жағдайы тіркелген. 98 орташа дәрежеде, 80 науқас ауруханаға жатқызылған», – деді «Жас Қанат» бастапқы медициналық-санитарлық көмек орталығының жалпы тәжірибе дәрігері Меруерт Кошенова