Брэндон да наурыз айының аяғында жөтел, ентігу секілді коронавирустың алғашқы белгілері пайда болған
Коронавирустан жазылып шыққан Дублин қаласының 17 жастағы тұрғыны Брэндон Фэй қызық қуып жүрген өзінің қатарластарын ойлануға шақырды деп хабарлайды Kaz.nur.kz риа Новостиға сілтеме жасап.
Брэндон да наурыз айының аяғында жөтел, ентігу секілді коронавирустың алғашқы белгілері пайда болған. Алайда ол бұған мән бермей, демікпе шығар деп жүре берген. Бозбала ауруханаға барып, тексерілген соң, өзінің COVID-19 инфекциясын жұқтырғанын білген.
"Жарты сағаттан соң мені палатаға жатқызды. Тәбетім қашып, тыныс алуым қиындады. Әйтеуір, жансақтау бөліміне түспедім, маған аппарат та қоспады", – дейді Брэндон. Ол өзінің жасына байланысты пневмония күйіндегі асқынған коронавируспен ауыруы мүмкін екеніне сенбеген көрінеді. Осы орайда Брэндон өзінің құрдастарына айтары бар екенін жеткізді.
"Достарымен бірге қыдырып, велосипед теуіп, топтасып жағалауға баратын құрдастарыма айтарым бар. Бір сәтке ойланыңдар, осы әрекеттерің жөн бе? Сендер вирус таратасыңдар ғой. Жақсы, өздерің жазылып кеттіңдер делік, алайда жақындарың, ата-анаң, ата-әжеңе жұқтырасың ғой. Оларды неге ойламайсыңдар?", – дейді бозбала.