Алматыда жыл басынан бері мониторинг топтар 12 мыңнан астам кәсіпкерлік нысанды аралап, ереже бұзған мекемелердің жұмысын әшкереледі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бірақ бірнеше мәрте ұсталса да, карантин талаптарын қасақана бұзатындар да азаймай тұр. Қала тұрғындары болса мутацияланған британдық және Оңтүстік Африкалық коронавирус белгілерінің таралуына қарамастан түрлі адам көп жиналатын мекемелерге баруын тоқтатар емес. Сол себепті шаһарда рейд жұмыстары күндіз де, түнде де күшейтілген түрде жүргізіліп жатыр.
Қала «қызыл» аймақта болса да тығылып жұмыс жасайтын мекемелер тым көп. Тіпті, есікті ішінен құлыптап, ашпай қоятындар да баршылық. Тексерушілер амалы қалмағандықтан электриктер мен су арнасының мамандарына, қала берді есікті бұзу үшін құтқару қызметінің көмегіне жүгінуге мәжбүр.
Өткен тәулікте Әуезов пен Медеу ауданының мониторинг топтары жасырынып той жасап жатқан екі бірдей мейрамхананы ұстады. Мұнда 100-ге жуық қонақ болған. Оның ішінде жұқтыру қаупі әлдеқайда жоғары егде жастағы адамдар мен балалар бар.
«Ұсталған адамдардан толықтай жауап алынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Яғни, 425-баптың 1-тармағына сәйкес, келген адамдарға 87 мың теңге көлемінде және кәсіпкерге 670 мың теңге көлемінде айыппұл салынады. Санитария мамандарына жолдаймыз. Сол жақтан шешім шығады», – деді қалалық мониторингтік топтың мүшесі Нұрбол Жұмабеков.
Алайда кейбір кәсіпкерлер кінәні өзінен емес өзгеден көруге тырысып, дөрекілік танытады.
Одан бөлек, карантин талаптарын бірнеше мәрте қасақана бұзған 28 кәсіпкерлік нысанның жұмысы қалалық сотта қаралып, қызметін тоқтату туралы шешім қабылданған. Қазіргі уақытта шаһарда эпидахуал күшейген сайын мониторингтік топтардың да саны артуда.
«Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес қалада күшейтілген рейд жұмыстары жүріп жатыр. Дәл қазіргі сәтте қалада мониторингтік топтардың саны 40-қа жетіп, кәсіпкерлік нысандарды күні-түні бақылауда ұстап отырмыз. Қала тұрғындарына денсаулығымызды ойлап үйде отырайық дегім келеді», – деді қалалық мониторингтік топтың мүшесі Нұрбол Жұмабеков.
Статистикаға сүйенетін болсақ, қалада жыл басынан бері мониторинг топтар 12 мыңнан астам кәсіпкерлік нысанды тексеріп, карантин талаптарын сақтамаған 1 500-ге жуық мекемені анықтаған. Заңды және жеке тұлғаларға жалпы сомасы 172 миллион теңгеге 2 438 хаттама толтырылыпты.
Мерей Қанапиянов, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы