Медеу ауданының мониторингтік тобы әдеттегідей тексеріске шығып, Гоголь көшесінің бойында орналасқан мекеменің жұмысын әшкереледі
Алматыда өткен демалыста карантин талаптарын өрескел бұзған мекемелер анықталды. Олар сенбі-жексенбі күндері жұмыс істеуге болмайтынын білсе де ережелерді елемей, келушілерді жасырын қабылдаған. Сәйкесінше мониторингтік топтар бірнеше кәсіпкерлік нысанның үстінен түсіп, жұмысын әшкереледі. Almaty.tv тілшісі Мерей Қанапиянов жалғастырсын.
Медеу ауданының мониторингтік тобы әдеттегідей тексеріске шығып, Гоголь көшесінің бойында орналасқан мекеменің жұмысын әшкереледі. Мұнда жасырын мерекелік кеш өтіп жатса керек барлығы камераны көріп, қаша жөнелді.
«Алматы «қызыл аймақта» болғандықтан, жұмыс күндері ашық бағдарламасымен сағат 22:00-ге дейін істей алады. Ал, демалыс күндері локдаун болса да, тек қана жеткізу қызметіне рұқсат. Сондықтан аудан кәсіпкерлеріне айтарым – жағдайға түсіністік танытып, тәртіпке бағыныңыздар», – деді Медеу аудандық кәсіпкерлер палатасының өкілі Рауан Жалел.
Одан бөлек мамандар Назарбаев пен әл-Фараби даңғылдарының бойында орналасқан 2 түнгі клубтың да үстінен түсіп, келушілерді үйлеріне қайтарса, мекеме әкімшілеріне хаттама толтырды.
«Ауданда 4 мониторингтік топ жұмыс істеп жатыр. Екеуі күндіз шықса, қалған екеуі түнде шығады. Жергілікті кәсіпкерлік нысандар біздің бақылауымызда. Сондықтан қала тұрғындары мен кәсіпкерлерінен өтінерім – денсаулығымызға жауапкершілікпен қарайық», – деді Медеу аудандық кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Арсен Шымбергенұлы.
Көп ұзамай тағы бір дәмхананың жұмысы анықталды. Мұндағы қонақтар да мониторингтік топты көре сала, бой тасалауға тырысты. Кәсіпкерлік нысанның санитарлық талаптарды бұзғаны өз алдына "Ашық" бағдарламасы атымен жоқ. Ал, мекеме әкімшісі карантин талаптарын мүлде білмейтін де сияқты...
Бүгінде қалада індеттің өршуіне байланысты тексеріс жұмыстары күшейтіліп жатыр. Егер тәртіп бұзылған жағдайда хаттама толтырылып, тиісті органға жолданады. Одан бөлек «Ашық» жобасы бойынша жұмыс істейтін бірқатар нысандарда 29 шілде мен 5 тамыз аралығында 1239 тұрғыннан қызыл статус, 194 адамнан сары түс анықталған. Мысалы, бассейндерде 41, қоғамдық тамақтану орындарында 347, дүкендерде 82, банктерде 36 адамнан қызыл түссе шықса қалған 699 тұрғын басқа орталықтарға кіргісі келген.
Мерей Қанапиянов