Министр елімізде пневмониямен ауырғандар саны былтырғы жылға қарағанда 3,3 есе өскенін айтты
Қазақстанда коронавирус пен пневмония статистикасы біріктіріледі. Осы ретте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы барлық мемлекетті COVID-19 жағдайын жаңаша тіркеуде Қазақстанның үлгісін ұстануға шақырды. Сонымен, өзгеріс қашаннан бастап жүзеге асырылады? Статистиканы біріктіру қандай мүмкіндік бермек? Almaty.tv тілшісі Салтанат Нысанбек толықтырсын.
Денсаулық сақтау министрлігі есеп жүргізудегі өзгеріс Қазақстанның коронавирус инфекциясын жұқтыру мен өлімнің халықаралық рейтингтегі позициясына жаман әсер ететінін жақсы түсініп отыр. Алайда бұл әдіс ауру жағдайына дұрыс болжам жасауға, қолдағы ресурсты, медициналық персоналды, құрылғылар мен дәрі-дәрмекті, төсек орындарын дұрыс жоспарлауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, статистиканы ашық жүргізуге де жағдай туады дейді министр.
«Мемлекет басшысы коронавирус пандемиясы статистикасын біріздендіруді міндеттеді. Коронавирус статистикасынан бөлек пневмонияға да назар аудару керек. Осыған байланысты коронавирус пен пневмония бойынша мәліметтің барынша ашықтығын қамтамасыз ету үшін Денсаулық сақтау министрлігі статистикалық мәліметті тіркеу бойынша жаңа тәсілдерді анықтады», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Министр елімізде пневмониямен ауырғандар саны былтырғы жылға қарағанда 3,3 есе өскен деді. Жыл басынан бері аталған дертке 234187 адам шалдыққан. Бұл 1 қаңтар мен 15 шілде аралығындағы сандар. Ал, былтыр осыған сәйкес кезеңде 70 мың 926 науқас болған. Өлім көрсеткішіне келсек, биыл 3 мың 327 адам пневмониядан көз жұмса, өткен жылы 1 мың 896 өлім тіркелген екен. Жағдай күрделене түскендіктен, статистиканы біріктіру өзектілігі туындапты. Ал дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстандағы COVID-19 бен пневмонияның статистикасын біріктіру әдісін барлық мемлекетке үлгі етті.
«Қазақстандағы COVID-19 бойынша жағдай жақсаруда. Жұқтыру жағдайлардың үштен бірі соңғы аптада тіркелгеніне қарамастан, төмендеу байқалады. Мемлекет бірқатар санитарлық шараларды әзірлеп жатыр. Сонымен қатар науқастарды емдеу және аурухананың жағдайындағы инфекцияны бақылау шараларын жетілдіруде. Әсіресе, Қазақстан пневмониясы жоқ пациенттерді COVID-19 бойынша ДДҰ зертханаларында тестілеуге келісті. Осыған ұқсас жағдайларда барлық елге осы жұмыс әдісін қолдануға кеңес береміз», – деді ДДҰ Еуропалық бюросының төтенше жағдайлар жөніндегі аймақтық директоры Дорит Нитцан.
Статистикаларды біріктіру 1 тамыздан басталмақ. Екі аурудың ұқсастығы және оларды емдеу тәсіліне бірыңғай тәсілді қолдану керектігі айтылды.
Салтанат Нысанбек, Ботагөз Қайырбекова, «Алматы» арнасы Нұр-Сұлтаннан