Қазақстанға коронавирустың келу ықтималдығы жоғары – министр

https://kasli-gazeta.ru/
https://kasli-gazeta.ru/
Оның айтуынша, вирусты жұқтырғандар міндетті түрде көз жұмады деген жансақ пікір қалыптасқан
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанға коронавирустың келу ықтималдығы жоғары.  Осылай деп айтқан еліміздің денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов десе де, дүрбелең шығарудың еш қажеті жоқтығын алға тартады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Оның айтуынша, вирусты  жұқтырғандар міндетті түрде көз жұмады деген жансақ пікір қалыптасқан. Баспасөз мәслихатында, сондай-ақ сақтық шаралары ретінде 1 наурыздан бастап «үйдегі оқшаулау» сияқты ұғымның енгізілетіні еске салынды.  

«Арал емеспіз. Біздің мемлекетіміз өзгелерден оқшау тұрған жоқ». Журналистермен кездескен денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов дәл осылай деді. Десе де, болжам жасап, қол қусырып отырмай, нақты жұмыс жоспарын құру қажеттігін баса айтты.

«Елге коронавирустың жету ықтималдығы жоғары. Сондықтан күтіп отырмай, пайда болған жағдайда онымен қалай күресіп, адамдарға нендей ем-дом жүргізу керектігін нақты білуіміз қажет. Осы себептен апта сайын ведомствоаралық комиссия отырыс жүргізеді. Оған Денсаулық сақтау министрлігінен бастап, Қорғаныс министрлігіне дейін барлық мемлекеттік органдар кіреді. Сондықтан байбалам шығарудың еш қажеті жоқ. Ол айықпас «оба» ауруы емес қой», – деді  ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.

Министрдің сөзінше, Қытайдан  келген 185 адам карантинге жатқызылған. 1 наурыздан бастап бұл тізім толықтырылады. Қазақстандықтар Оңтүстік Корея, Италия, Жапония, Иран елдерінен оралады. Бірақ олардың барлығы дерлік ауруханаға жатқызылмайды. Стационарға тек жұқпа белгілері барлары ғана алынады. Өздерін жақсы сезінгендері үйлерінде бақылауда болмақ. Белгілі болғаны – қазір 2 235 адам осындай медициналық қадағалауда.

«Өкінішке қарай,  бұл инфекцияны көзбен көре алмаймыз. Мәселен, туберкулез таяқшаларын микроскоппен көріп, талдама алуға болады. Ал жасырынған бұл вирус адам ағзасындағы жасушаларды өлтіреді. Әсіресе өкпе жасушаларын қатты зақымдайды. Сондықтан біз оны тек ағзаның кері әсерінен, яғни қарсы денелер түзуінен байқай аламыз. Адамдар ауырмай, тек тасымалдаушы болады дегенді де әлі білмейміз. Бір білетініміз, жануарлар таратады. Мәселен, жарқанаттар», – дейді медицина ғылымдарының докторы, профессор Жақсылық ДОСҚАЛИЕВ.

Айта кетейік, әлем бойынша бүгінге дейін 82 мың адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. Ал көз жұмғандардың саны 2801 адамға жетіп отыр.

Асылбек Тойбек, Салтанат Нысанбек, Данияр Омар, Нұрлан Өтеген, «Алматы» арнасы Нұр-Сұлтан

Новости партнеров