Дәурен Абаев вирус таралуын бақылай алмай қалу қаупі туындап отырғанын айтты
ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев онлайн брифингте елімізде коронавирус індетінің таралуы үдеп бара жатқанын, бұл індетті бақылай алмай қалу қаупі туындап отырғанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Бұл тікелей эфирді онлайн брифинг емес, үндеу деп қабылдаған жөн. Өздеріңіз көріп отырсыздар, індеттің таралуы үдеп барады. Бір түнде коронавирус жұқтырған қырықтан астам адам анықталғаны – алаңдататын жағдай. Қазір вирус жұқтырғандардың саны 204-ке жетті. 1899 адам стационарлық карантинде. Үш жарым мыңнан астам адам үй карантинінде жатыр. 6 мыңнан астам ауырғандармен байланыста болған. Олардың 95%-ының кім екені анықталды. Біз өте күрделі кезеңде тұрмыз. Вирус таралуын бақылай алмай қалу қаупі туындап отыр», - дейді Дәурен Абаев.