Пандемия басталғалы әлемде коронавирус жұқтырғандар 39 миллионға жуықтады. 1 миллионнан астам науқас індеттен көз жұмды. 29 миллионға жуық адам қауіпті дерттен сауығып шыққан. Бұл Worldometer порталының мәліметі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ал Германияда эпидемия басынан коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың ең жоғарғы өсімі байқалды. Роберт Кох атындағы Институттың дерегі бойынша елде ауру жұқтырған науқастардың тәуліктік өсімі 6638 адамға жеткен. Бұған дейін жоғарғы көрсеткіш 28-інші наурызда тіркелген. Ол кезде 6294 адам дертке шалдыққан еді. Германияда эпидемия басталғалы 341 мың 223 адам қауіпті індеттің ілмегіне ілінген. 284 мыңнан астам науқас аурудан айыққан. Бұл ретте елде коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында қосымша шаралар қолға алынды.
Португалия жаңа типтегі вирусты жұқтырғандардың өсіміне байланысты төтенше жағдай режимін енгізді. Қаулыға сәйкес, қоғамдық орындарда бетперде тағу қажеттілігі, жұмысқа не оқуға барғанда пайдалануға аса ыңғайлы ара қашықтықты бақылау қосымшасын пайдалану керектігі жазылған. 15 күнге енгізілетін төтенше жағдай режимінің қаулысын әлі парламент мақұлдауы керек. Елдің премьері Антониу Кошта Лиссабонда өткен министрлер кабинетінің отырысында бұл режим халықтың қозғалысына, қоғамдық өмірге араласуына шектеу қоюға мүмкіндік береді деген. Португалияда бір тәулікте инфекция жұқтырғандар саны 2072-ге жеткен. Бұл пандемия басталғалы бері тіркелген ең жоғарғы көрсеткіш.