Нұр-Сұлтанда 82 жастағы әжей коронавирустан емделіп шықты

13.04.2020 в 22:02

Денсаулық сақтау министрінің мәліметінше, ол наурыз айында ауруханаға жатқызылған

Қазақстанда коронавирустан айыққандар саны 110-ға жетті. 13 сәуір күні дерттен емделіп шыққан 11 адамның алтауы Нұр-Сұлтан қаласында, үшеуі Атырау облысында, екеуі Қызылорда және Маңғыстау облысында тіркелді деп хабарлайды Kaz.nur.kz.

Елордада аурудан жазылғандардың бірі 82 жастағы әйел. Денсаулық сақтау министрінің мәліметінше, ол наурыз айында ауруханаға жатқызылған.

"22 наурызда КВИ жұқтырғаны расталып, көпбейінді медициналық орталықтың инфекциялық блогына түсті. Диагнозы: COVID-19. Ауырлық дәрежесі орташа екі жақты полисегментарлы пневмония. 1-дәрежелі тыныс алу жеткіліксіздігі. Өкпенің созылмалы обструктивті ауруы. 3-дәрежелі артериялық гипертензия, 3-тәуекел. Идиопатиялық подагра. Жүргізілген кешенді емдеуден кейін 24 сағат аралығымен COVID-19-дан 2 рет зертханалық зерттеу жүргізілді. Нәтижелері теріс болды. Қазіргі уақытта шағымдар жоқ. Қазақстандық дәрігерлер біздің ауыртпалығымызды сәтті еңсеруде. Біздің дәрігерлер COVID-19 халықаралық клиникалық хаттамаларына сәйкес жұмыс істейді", - деді Елжан Біртанов.